Аққулы ауданы биыл толығымен ауызсумен қамтылады
Бүгінде ауданның елді мекендерінде су құбырының құрылысы қарқынды жүруде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі
Аудандық экономиканың нақты сектор бөлімінің меңгерушісі Сартай Есімхановтың айтуынша, биыл аудандағы алты бірдей ауылды сумен қамту жобалары жалғасып жатыр. Нәтижесінде халықты сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетпек.
Бүгінде орталықтандырылған су құбырын салу жұмыстары Шабар, Тақыр, Әйтей, Жаңатаң, Қызылқоғам, Майқарағай ауылдарында жүргізілуде. Құрылыс ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында басталған. Жауапты мердігерлер жұмыстарды кестеге сай атқаруда.
– Шабар ауылындағы су құбырының құрылысына 591 миллион теңге бөлінген. Су құбырлары мен желілерінің ұзындығы – 5069 метр. Мердігер: «ИНЭК Казахстан» ЖШС. Қазіргі таңда сыртқы су құбыры желілері 100% аяқталған. Шамамен 5,1 шақырым, 34 ұңғыма және 15 өрт гидранты, 67 тұрғын үй және екі әлеуметтік нысанның қабырғасына дейін жеткізбек,– деді Сартай Есімханов.
Спикердің сөзінше, сорғы станциясының аумағында қазу жұмыстары жүргізілді, 100 текше метр екі таза су резевуары жасалып,көлемі 100 текше метр техникалық суға «Шипур» жергілікті су тазарту станциясы орнатылды. Онда су тазарту құралдары, сорғы, құбырлар бар. Станция аумағына темірбетон тіректермен 10 кВ әуе желісі қосылды.
Бұдан бөлек, өзге де ауылдарда жұмыстар жүйелі түрде атқарылуда және биылғы жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Аққулы ауданының әлеуметтік әлсіз топқа жататын тұрғындарына су құбыры үйіне дейін тегін тартылып бермек.
Фото:Константин Шелков