Павлодарлық құтқарушылар өрт шыққан тұрғын үйден алты адамды құтқарды
15 адам өз бетінше эвакуацияланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық ТЖД-нің хабарлауынша, 27 қарашада сағат 10:16-да Ленин кентінің Ғарышкерлер көшесіндегі бес қабатты тұрғын үйдің екінші қабатының терезесінен түтін шыққаны туралы хабарлама келіп түсті.
– Аумағы 15 шаршы метр жерде диван, үй заттары жанып жатқаны анықталды. Өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері баспалдақпен 3 ересек пен 3 баланы түсірді,– деді департаментте.
Тілсіз жауды сөндіру үшін жеке құрамның 10 адамы және 3 техника жұмылдырылды. Өрт сөндірушілер келгенге дейін 15 адам өз бетінше эвакуацияланды.
– Апаттар медицинасы орталығының төрт қызметкері зардап шеккен үш адамға, оның ішінде екі балаға көмек көрсетті. Олар өрт салдарынан күйзеліс алған,– деді департаментте.
Шұғыл қабылданған шаралар арқасында өрт сағат 10:48- та сөндірілді. Алдын ала болжам бойынша өрттің себебі–өртті абайсызда қолдану болып табылады.