Республика күні қарсаңында елімізде KIA Qazaqstan зауыты ашылды

Республика күні қарсаңында елімізде KIA Qazaqstan зауыты ашылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телемост арқылы автокөлік зауытының ашылуына қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Президент қатысушыларды зауыттың іске қосылуымен құттықтап, бұл оқиғаның Қазақстандағы машина жасау саласының дамуына серпін беретін маңызды қадам екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы екі жыл бұрын Қостанайға сапары барысында KIA Sportage автомобильдерін шығару жобасы басталғанын еске салды. Ал бүгінде KIA Motors корпорациясымен жасалған келісім аясында толыққанды өндірістік кәсіпорын жұмысын бастады.

Жаңа зауыт – ТМД аумағында теңдесі жоқ бірегей жоба. Мұнда әлемнің ең озық технологиялары, цифрлық басқару жүйелері мен жасанды интеллект қолданылған. Өндірісте 68 өнеркәсіптік робот жұмыс істейді, барлық процестер автоматтандырылған.

Зауыттың қуаттылығы жылына 70 мың автокөлікке дейін жетеді. Бұл көрсеткіш Қазақстанның жаңа индустриялық дәуіріне жол ашатын ақылды өндіріс құрудағы үлкен жетістік болып саналады.