Павлодар облысында зейнеткер иіс газынан уланып қалды

Павлодар облысында зейнеткер иіс газынан уланып қалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мұржаның тазаланбауы мен қауіпсіздік құрылғысының істен шығуы қайғылы жағдайға соқтыра жаздады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Успен ауданындағы ауылдардың бірінде егде жастағы тұрғын иіс газынан зардап шекті. Алдын ала болжам бойынша, бұған мұржаның уақытылы тазаланбауы себеп болған.

Белгілі болғандай, зейнеткердің үйіне бұған дейін жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен иіс газын анықтайтын датчик орнатылған. Тамыз айында құтқарушылар профилактикалық рейд барысында құрылғының жарамдылығын тексеріп, үй иесіне пешті жылыту маусымына дайындау қажеттігін ескерткен.

Алайда кейін әйел датчиктің бір батарейкасын алып, сағатқа пайдаланған.

– Иіс газының түсі де, иісі де жоқ, сондықтан ол адам өміріне аса қауіпті. Жарамды иіс газын анықтайтын датчик пен мұржаны уақытылы тазалау адам өмірін сақтап қалуы мүмкін, – деп ескертті министрлік.

ТЖМ мамандары тұрғындарға жылыту маусымында пештердің, мұржалардың, электр сымдары мен жылыту құрылғыларының жағдайын үнемі тексеруге кеңес береді.

Сондай-ақ үйлерге түтін мен иіс газын анықтайтын датчиктер орнатып, олардың қуат көздерін уақытылы ауыстыру қажет. Әсіресе жалғыз тұратын қарттардың үйлеріндегі қауіпсіздікке ерекше назар аудару ұсынылады.