Павлодардың құнды жәдігерлері – Алатау баурайында

Павлодардың құнды жәдігерлері – Алатау баурайында
Фото: Музей қорынан

Алматылықтар музей қорында сақталған сирек жәдігерлермен танысуға мүмкіндік алды,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен «Ертіс-Баян жауһарлары» атты көшпелі көрме өтіп, «Баянтаудан Алатауға: рух сабақтастығы» атты республикалық ғылыми-мәдени конференция ұйымдастырылды. Мәдени шарада Ертіс-Баян өңірінен шыққан тарихи тұлғалардың құнды мұралары көпшілік назарына ұсынылды.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің бас қор сақтаушысы Абзал Рымбектің айтуынша, көрменің басты ерекшелігі – музей қорында сақталған сирек жәдігерлердің Алматы жұртшылығына таныстырылуы. Олардың қатарында Абай Құнанбайұлының 1909 жылы жарық көрген өлеңдер жинағының түпнұсқасы, Ахмет Байтұрсынұлының сол жылы басылған «Қырық мысал» кітабы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының тұмары бар.

– Сондай-ақ көрмеге Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 1933 жылы латын қарпімен басылған таңдамалы өлеңдер жинағы, Жүсіпбек Аймауытовтың 1926 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген «Қартқожа» романының түпнұсқасы қойылды. Жазушының үйінің төрінде ілулі тұрған «Сюзанна» деп аталатын тұскиізі де келушілердің назарын аударды, – дейді қор сақтаушысы.

Сонымен қатар, өнер қайраткерлерінің жеке заттары да көрме мазмұнын толықтыра түскен. Мәселен, Иса Байзақовтың домбырасы, Шәкен Аймановтың «Алдаркөсе» фильмінде киген бөркі мен өмірінің соңғы кезеңінде үстінде болған тоны, Мұзафар Әлімбаевтың шапаны және Қалмұқан Исабаевтың әскери киімі ұсынылды. Сонымен қатар, Мәшһүр Жүсіптің суретке түсуіне себепші болған Аллажар Әбдіразақұлының шапаны да тарихи жәдігерлер қатарынан орын алған.

Абзал Рымбек көрмеге қойылған әр затқа арнайы QR-код орнатылғанын атап өтті. Оны смартфон арқылы сканерлеген келушілер жәдігердің шығу тарихы мен оған қатысты мәліметтермен алаңсыз таныса алады.

Республикалық конференцияға елімізге танымал әдебиеттанушы ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлерінің ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиында Ертіс-Баян өңірінен шыққан тұлғалардың шығармашылық мұрасы, олардың ұлттық мәдениет пен әдебиетке қосқан үлесі сөз болды.

Шара аясында Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің бастамасымен жарық көрген екі жаңа кітаптың тұсауы кесілді.

Біріншісі – «Қартқожа Тоғанбаев» жинағы. Басылымда Алаш қозғалысының қайраткері, аудармашы әрі публицист Қартқожа Тоғанбаевтың өмірі мен қызметіне қатысты архивтік құжаттар, фотосуреттер және зерттеу мақалалары топтастырылған. Кітап оның 130 жылдық мерейтойына орай жарық көрген. Кітаптың авторы – музейдің бас қор сақтаушысы Абзал Рымбек.

Екінші кітап – «Күретамыр». Онда халық ауыз әдебиеті мен фольклор мұраларын жинаушы Кенжетай Аймановтың өлеңдері, ел аузынан жазып алған аңыз-әңгімелері, қисса-шежірелері қамтылған. Жинақ Кәукен Кенжетаевтың 110 жылдығына орай басылып шықты. Құрастырушысы – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, музей басшысы Ербол Қайыров.

Конференция барысында филология ғылымдарының докторы Серікқазы Қорабай Абай Құнанбайұлының 1948 жылы жарық көрген сирек басылымын музей қорына тапсырды. Бұдан бөлек, Ілияс Жанқара мен Жар Қапесовтың ұрпақтары мен туыстары да музей қорын жаңа жәдігерлермен толықтырды.

Осылайша, Алматыда ұйымдастырылған мәдени шара Павлодар өңірінің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен таныстыруға, сирек жәдігерлерді насихаттауға және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталды.