Павлодарда құтқарушылар пәтерінде көмексіз қалған кейуананы құтқарды
Жақындарымен байланысқа шықпай қалған зейнеткерге шұғыл медициналық көмек қажет болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, «112» нөміріне пәтерінің есігін ашпаған егде жастағы әйелдің алаңдаулы туыстарынан хабарлама түскен. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар полиция қызметкерлері мен жақындарының қатысуымен арнайы құралдар арқылы есікті ашты.
Пәтер ішінен 1945 жылы туған кейуана табылды. Оның денсаулық жағдайы нашарлап, шұғыл көмекке мұқтаж екені белгілі болды.
Құтқарушылар бірден жедел жәрдем шақырып, науқасты дәрігерлерге тапсырды. Жедел әрекеттің арқасында зейнеткерге уақытылы медициналық жәрдем көрсетілді.