Сенат Төрағасы Тоқаевтың өңірлік реформаларының үш басты қағидасы туралы айтты

Сенат Төрағасы Тоқаевтың өңірлік реформаларының үш басты қағидасы туралы айтты
Фото: ҚР Парламенті Сенатының ресми парақшасынан

«Время» газетінде Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев «Реформалардың мәні: Қуатты өңірлер – қуатты ұлт» атты мақаласы жарияланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Мемлекет басшысының орталықсыздандыруға және өңірлерге барынша дербестік беруге арналған реформалары революциялық сипатқа ие. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев «Реформалардың мәні: Қуатты өңірлер – қуатты ұлт» атты мақаласында осындай пікір білдірді. Ол ел тарихында алғаш рет орталық билік басқару тетіктерін экономикалық жағынан ғана емес, саяси тұрғыдан да өңірлердің қолына беру жөнінде шешім қабылдағанын атап өтті.

«Революция асығыс емес, эволюциялық жолмен іске асырылады. 2021 жылдың шілдесінен бастап ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Нәтижесінде, 2023 жылдың тамызына дейін 1668 әкім сайланды, олардың 57 пайызы негізінен жаңа есімдер. Келесі кезеңде, 2023 жылғы қарашада 42 ауданда және 3 өңірлік маңызы бар қалада аудан және қала әкімдерінің пилоттық сайлауы өтті. Пилоттық сайлау өзінің тиімділігін көрсетті және бүкіл ел бойынша аудан әкімдерін сайлау процесіне түрткі болды. 2025 жылға қарай аудан әкімдері 100 пайыз жергілікті жерлерде сайланатын болды. Оның ауқымы одан әрі де тереңдей түспек. Мемлекет басшысы 2024 жылғы Жолдауында 2025 жылдан бастап облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін тікелей сайлау жүйесіне көшу туралы түбегейлі шешімді жариялады. Жаңа жүйе бойынша алғашқы сайлау биыл қазан айында Семей қаласында өтті», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының өңірлердің қаржылық дербестігін күшейтуге бағытталған реформаларына да назар аударды. Бұрын ешкім бюджетке тәуелді болғаны үшін жауап бермейтін. Өйткені, өңірлер еш әрекет жасамай-ақ Үкіметтен кепілдендірілген ақшаны алып отырды. Сондықтан оларға өз экономикасын дамытуға тырысудың қажеті болмады. Ал енді, Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда бюджеттер арасындағы ақша бөлу тәртібі үлкен өзгерістерге ұшырап жатыр. Олар бір жағынан, өңірлердің бюджеттік дербестігін ынталандыруды, екінші жағынан, олардың жауапкершілігін күшейтуді көздейді. Бұл реформалардың мақсаты – жергілікті бюджеттердің кірістерін ұлғайту.

« Бұған дейін ұзақ уақыт бойы аудан әкімдерінің өз бюджеті болмағаны және олардың облысқа толықтай тәуелді болғаны белгілі. Енді жаңа Бюджет кодексі бойынша шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы аудандық бюджеттерге беріледі. Бұл мәселе жеке табыс салығына да қатысты екенін атап өткен жөн. Мұндай шара аудан әкімдіктерінің қаржылық мүмкіндіктерін нығайтады. Облыстардың кірістерінің 70 пайызы аудандық бюджеттерге және облыстық маңызы бар қалалардың бюджеттеріне шоғырланатын болады. Бұл әкімдерді кіріс базасын ұлғайтуға ынталандырады. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың орталықсыздандыруға бағытталған реформаларының мәні бір реттік акция емес, ол – Қазақстанның бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін терең трансформациялауды көздейтін қадам. Қазірдің өзінде бюджетаралық салада нақты, шамалаған нәтижелерге қол жеткізіле бастады. Әрине, реформалар – процесс. Десе де, бұл жолдағы өзгерістер векторы айқын белгіленген, яғни олар – қатаң орталықтандырудан нақты қаржылық тәуелсіздікке ие, өздерінің дамуына жауап беретін өңірлер моделіне дейінгі ауқымды үдеріс», – делінген Сенат Төрағасының мақаласында.

Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерді дамытуға бағытталған реформалары туралы пікір білдірді. Сенат Төрағасы «Түркістан» газетіне жарияланған мақаласында Президенттің өңірлік саясатының үш басты қағидасы ұзақ мерзімді перспективаға негізделген жүйелілік, ауқымдылық және кезеңділік екенін атап өтті.

Сенат Төрағасы еліміз Тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде орталықтандырылған басқару нысаны бар қатаң схемадан өсіп-жетілгенін атап өтті. Бұл жүйе өзінің тарихи рөлін атқарғанымен, одан әрі дамуға кедергі бола бастады. Мәулен Әшімбаевтың пікірінше, жаңа шындықтың негізгі сипаты өңірлер арасындағы экономикалық даму деңгейлеріндегі теңгерімнің болмауы, яғни тұрғындардың өмірі мен әл-ауқатындағы алшақтықтар болды.

Палата Спикері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылды дамытуға, жергілікті жерлердегі өмір сүру деңгейін арттыруға, өңірлердің әлеуетін ашуға және облыстар мен аудандардың тұрғындарын саяси және экономикалық жобаларға тартуға бағытталған реформаларының терең мәні осы ұстанымға табан тірейтінін айтты.

«Өңірлердің дамуындағы проблемалар мен сын-қатерлер бір-бірін одан әрі ушықтырып, 30 жыл ішінде қарама-қайшы жүйеге айналды. Сондықтан шегіне жеткен жекелеген мәселелерді басқаларынан бөлек шешу әрекеттері тұрақты нәтиже бермеді. Сол себепті өңірлерді дамытудағы нақты жүйелі тәсіл Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформаторлық күн тәртібіндегі маңызды тармақтардың біріне айналды. Басты қағидат: ондаған жылдар бойы қордаланған проблемалардың тамырына бірден балта шаппай, ширатылған жіпті біртіндеп тарқату еді. Бұл – өрт сөндіргендей қас-қағым сәтте нәтиже беретін дағдарыс-менеджмент емес, барлық деңгейде бүкіл проблеманы түп-тамырымен жоятын берік негізді жүйе құру деген сөз. Ұзақ мерзімді болашаққа есептеп жасалған жүйелілік, ауқымдылық және кезеңділік – Президент Тоқаевтың өңірлік реформасының үш алтын қазығы болды», – деп жазды Сенат Төрағасы.

Мақалада Президент теңгерімді аумақтық даму мәселесіне 2020 және 2021 жылдардағы Жолдауларында басымдық бергені атап өтілген. Онда бірінші кезекте өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы теңсіздіктерді азайтуға баса мән берілген. Сонымен қатар Мемлекет басшысы бұл тәсілдерді 2025 жылға дейінгі Аумақтық даму жоспарында және кейін 2030 жылға дейінгі Қазақстанның өңірлік даму тұжырымдамасында бекітуді тапсырды.

Цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу Қазақстанның даму жолындағы маңызды бағыттар саналады. Олар бүгінде ұлттың тиісті деңгейде дамуын қамтамасыз етіп, оны ертең шынайы бәсекеге қабілетті қылады. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев «Түркістан» газетіне жарияланған өзінің «Реформалардың мәні: Қуатты өңірлер – қуатты ұлт» атты мақаласында осындай пікір білдірді.

Сенат Төрағасы қазіргі цифрландыру процестері цифрлық теңсіздікті жоюға, цифрлық технологияларды күнделікті өмірге және экономикаға енгізуге басымдық беріп отырғанын айтқан.

«Цифрландырудың «екінші толқыны» назарды мемлекеттік қызметтердің салыстырмалы тар сегментінен цифрлық теңсіздікті еңсеруге, цифрлық технологияларды күнделікті өмір мен экономикаға интеграциялауға аударды. Алайда, шағын қалаларда, қала маңында және ауылдарда қолжетімділік арналары әбден ескірген. Мұнда негізінен ADSL технологиясы, яғни «мыс» телефон арналары арқылы 10 Мбит/сек жылдамдықпен беріледі. Кең жолақты оптикалық-талшықты қосылуды қамтамасыз ету ауылдық жерлерде небәрі 18 пайыз, шағын қалаларда – 28 пайыз, ал, ірі қалаларда 44 пайызды құрайды. Бұл ретте Қазақстан аумағы бойынша шашыраңқы орналасқан ауылдық елді мекендер байланыс операторлары үшін экономикалық жағынан тартымды емес. Мұндай жағдайда кез келген елді мекендерден тыс жерлердегі ауылшаруашылық кәсіпорындарын немесе айдаладағы трассалар бойын интернетпен қамту туралы айтпаса да болады», – делінген мақалада.

Мәулен Әшімбаев «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы цифрлық алшақтыққа жүйелі жауап болғанын атап өткен. Аталған жоба Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2023 жылғы қазанда қабылданды. Оның мақсаты – 2027 жылға қарай барлық елді мекеннің жылдамдығы кем дегенде 100 Мбит/с болатын интернетке қол жеткізуін қамтамасыз ету.

«Үш мыңнан астам ауылда талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шағын және орта байланыс операторларын қолдау арқылы 400 мың үй шаруашылығына жоғары жылдамдықты интернет жеткізілетін болды. Шалғайлығына немесе географиялық қиындығына қарай сымды интернетке қосу мүмкіндігі жоқ 500-ден астам ауылда ғарыштық байланыс жүйесінің ресурстары пайдаланылады. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту – Қазақстанның болашағына салынған стратегиялық инвестиция. Оны табысты іске асыру шикізаттық экономикадан адами капиталға негізделген экономикаға көшуді жылдамдатады. Ол өмір сүру деңгейіндегі теңгерімсіздік мәселесін шешіп қана қоймай, алдағы онжылдықтарда өңірлердің орнықты дамуы, әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық бәсекеге қабілеттілігі үшін негіз болады», – деп жазған Мәулен Әшімбаев.

Өңірлерді дамытудың негізгі бағыттарының бірі – тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы білім алуға тең қол жеткізу және оқыту үшін заманауи жағдайлар жасау. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын іске асыру барысына арналған «Реформалардың мәні: Қуатты өңірлер – қуатты ұлт» атты мақаласында Мәулен Әшімбаев еліміздегі мектептер қала мен ауыл арасындағы шекараны жоятын тең мүмкіндіктер кеңістігіне айналуға тиіс екенін айтты.

««Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдар аралығында 460 мың оқушы орнына арналған 217 мектеп салу жоспарланған болатын. Оның 40 пайыздан астамы ауылдық жерлерде бой көтермек. Олардың көпшілігі қазірдің өзінде салынып болды, тағы 41 мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл жай ғана жаңа ғимараттар емес. Олар – балалар заманауи талаптарға сай жағдайда оқуға мүмкіндік алатын жаңа өсу нүктелері. Мұнда сөз тек ғимарат тұрғызу, инженерлік желілерді тарту немесе мектеп аумағын абаттандыру жөнінде болып отырған жоқ. Жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізу, заманауи оқу кабинеттері, жаңа білім беру технологиялары сияқты мазмұндық жағына баса мән берілмек. Оның бәрі ауыл балаларына сапасы жағынан ірі қалалардың лицейлерінде оқудан кем түспейтін жағдайда білім алуға жол ашады», – делінген Сенат Төрағасының мақаласында.

Сонымен қатар мақала авторы қолдау мен дамуға зәру ауылдардағы тұрмыс деңгейінің теңсіздіктеріне тоқталған. Палата Спикерінің пікірінше, Мемлекет басшысының бұл бағытта қабылдап жатқан шаралары ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, ең алдымен, ұлттық бірегейлікті сақтауға ықпал етеді.

«Ауылды дамыту мен оның мәселелерін шешу – тек аграрлық сектордың тиімділігін арттыру емес. Бұл – қазақ халқының мәдени бірегейлігін сақтау мәселесі. Жүйелі реформалардың арқасында біз ұлт бесігін жаңғыртып, ауылды өмір сүруге және батыл бастамаларды жүзеге асыруға қолайлы мекенге айналдырамыз. Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысының ауыл мен ауылдық аймақтарды дамыту жөніндегі шаралары тек экономикалық немесе әлеуметтік бағытты қамтымайды. Олардың ішкі пайымы, сайып келгенде, мемлекетті мемлекет ететін негізгі құндылық – ұлттық бірегейлігімізді сақтау әрі нығайтуды көздейді», – деп жазған Мәулен Әшімбаев.