Шарбақты ауданындағы оқушылар «Ертіс орманына» саяхат жасады
Лагерь тәрбиеленушілері өңірдің табиғаты мен тарихи орындарымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, Шарбақты ауданының мектеп жанындағы лагерь тәрбиеленушілері Павлодар облысындағы мемлекеттік табиғи орман резерваты «Ертіс орманына» экскурсия жасады.
Сапар барысында оқушылар алдымен Ғабдул-Уахит хазірет кесенесіне барып, туған өлкенің тарихы мен рухани мұрасымен танысты.
Кейін резерват мамандары балаларға орманның табиғи байлығы, оны қорғау жұмыстары және ормандағы қауіпсіздік ережелері туралы әңгімеледі. Экскурсия Ботабас орманшылығында жалғасып, оқушылар қарағайлы ормандарды сақтау және қалпына келтіру бағытындағы жұмыстармен танысты.
Бағдарлама аясында лагерь тәрбиеленушілері «Қарағай алаңы» демалыс орнына барып, табиғат аясында пикник ұйымдастырды. Сондай-ақ «Алёшкина соқпағы» туристік бағытымен серуендеп, өңірдің табиғатымен жақынырақ танысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, экскурсияның мақсаты – балалардың туған өлкенің табиғаты мен тарихи-мәдени мұрасына деген қызығушылығын арттырып, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру.