Павлодарлық фермелерге салық төлеу бойынша жеңілдіктер беріледі

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа салық заңының ережелері күшіне енеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Фермерлер де жаңа жеңілдіктерге ие болады. Әңгіме тек тракторлар мен комбайндар туралы ғана емес, сонымен қатар шаруашылықта тегін, салық төлеусіз пайдалануға болатын пикаптар да туралы.
–Жаңа заңнамаға сәйкес көлікті пайдалану жасы жиырма жылдан асатын болса, онда салықтан елу пайыз жеңілдік қарастырылған. Он мен жиырма жыл аралығындағы көліктер үшін отыз пайыз жеңілдіктер көзделген, – деді облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Увалиев.
Сонымен қатар жеңілдігі бар санаттарға Кеңес Одағының және Социалистік Еңбектің батырлары, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтары бар азаматтар, үш дәрежелі Даңқ орденімен және «Отан» орденімен марапатталған адамдар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, оларға теңестірілген адамдар, тыл еңбеккерлері, «Алтын алқа», «Күміс алқа» немесе «Батыр ана» атағымен марапатталған көп балалы аналар, мүгедектігі бар адамдар кіреді.
Көлік салығын төлеу жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша жүргізіледі. Салықты төлеу үшін көліктердің 17 таңбадан тұратын VIN кодын білуі керек. Деректер техникалық паспортта көрсетілген.
Мамандардың сөзінше көлік құралы ұрланған немесе жоғалған болса, мекемеге тиісті құжаттар ұсынылу қажет.
- Азаматтар құқық қорғау өкілдерінен алған қағазды тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына ұсыну керек. 2026 жылдың 2 сәуірінен бастап салық берешегі туралы хабарламалар жіберілетін болады, - деді Арман Увалиев.
Айта кетейік, салық мөлшерлемесі АЕК мөлшеріне және көлік қозғалтқышының көлеміне байланысты, сәйкесінше, жыл сайын салық сомасы АЕК мөлшерінің ұлғаюымен бірге артады.