Павлодарлықтар биыл қай емхананы ең көбірек таңдады?

Павлодарлықтар биыл қай емхананы ең көбірек таңдады?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде емханаға тіркелу науқанының қорытындысы жарияланды, деп хабарлайды @Pavlodanews.kz тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастапқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі үйлестірушісі  Айгүл Абылхасанның айтуынша, жыл сайын 1 қыркүйектен 1 қарашаға дейін елімізде медициналық ұйымды еркін таңдау кампаниясы жүргізіледі. Қазіргі уақытта Павлодар облысында 30 медициналық ұйым жұмыс істейді. Оның 15-і мемлекеттік, 15-і жеке меншік ұйымдар.

Электронды тіркелу кезінде тұрғын міндетті түрде өзі таңдаған емхананы, учаскесін және нақты дәрігерін көрсетеді. Себебі, көп азамат белгілі бір дәрігерге тіркелуді қалайды. Өтініш бір жұмыс күні ішінде қаралады. 

Айгүл Абылхасан тұрғындар арасында жиі кездесетін түсінбестікті атап өтті.

– Көп адамдар тіркелген бойда қызмет ала бастаймыз деп ойлайды. Бірақ тіркелу науқаны кезінде бекітілген азаматтар тек 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа емханада қызмет ала алады. Бұл – кампанияның негізгі талабы, – деп түсіндірді ол.

Әр адам бір ғана алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымына тіркеле алады. Бұрынғы емханадан арнайы барып шығудың қажеті жоқ.

– Жаңа емханаға тіркелген кезде бұрынғы ұйымнан автоматты түрде шығарылады, – деді маман.

2025 жылғы кампания кезінде барлығы 1024 адам өз еркімен емхананы таңдады. Оның ішінде 118 адам – мемлекеттік, 906 адам – жеке емханаларды таңдады. Салыстыру үшін айтар болсақ, 2024 жылы 893 адам тіркелген.

– Биылғы жылдың нәтижелеріне сүйенсек, Теміржол ауруханасына – 259 адам, Ақсу қаласындағы «VitaClinic» емханасына – 241 адам тіркелді. «Almaz Medical Group», бұрынғы №2 емхана 99 адамды қабылдады. Қалған емханаларда көрсеткіштер 10-13 адам шамасында, – деді Айгүл Абылхасан.

Терапевт учаскесінің нормативі – 2200 адам, жалпы практика дәрігерінде – 1700 адам, педиатрда – 900 бала. Егер азамат таңдаған учаскеде халық саны нормативтен асып кетсе, тіркеуге мүмкіндік болмайды. Пациентке бос учаске ұсынылады. 

Айта кетерлігі, егер азамат қала бойынша өзінен алыс емхананы таңдаса, үйге шақырту кезінде белгілі бір қолайсыздықтар болуы мүмкін. Дәрігердің өз аумағында бірнеше шақыртуы бар, ал алыс мекенжайға бару уақытын ұзартады. Сондықтан тұрғындарға емхана таңдағанда үйге жақын, қолжетімді ұйымды қарастыру ұсынылады.