Көжеге патенті бар Павлодар тұрғыны: Ұлттық сусынды Наурызда ғана іздеу дұрыс емес

Көжеге патенті бар Павлодар тұрғыны: Ұлттық сусынды Наурызда ғана іздеу дұрыс емес
Фото: автор

Қалия Жұмабекова елімізде  қазақтың ұлттық сусыны – көжеге патент алған  алғашқы адам, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Биология ғылымдарының кандидаты Павлодар облысы Май ауданының Баскөл (бұрынғы Қызыл-құрама) ауылында 1956 жылы дүниеге келген. Әлкей Марғұлан атындағы институтта биология мамандығы бойынша білім алған соң ұстаз болып еңбек еткен. 2002-2009 жылдар аралығында Павлодар қаласындағы «Жана Роса» зауытына микробиолог ретінде орналасып, сапа бөлімінің  директоры  болып тағайындалған.  

2007 жылы сапа саласындағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» ұлттық сыйлығына ие болған. Кейін Алматы қаласындағы «Line Breew» зауытына шақырту алу алып, техникалық бақылау бөліміне ауысқан және бүгінгі күнге дейін аталған компанияда қызмет етуде.  

Зейнеткер жыл сайын мереке қарсаңында және күнделікті өмірде көже дайындауды әдетке айналдырған.  Осыдан екі жыл бұрын бұл сусынға елімізде алғашқы болып панент алған және көженің бірнеше түрін шығарады: күріш көже, арпа көже, наурыз көже, шай саңырауқұлағы қосылған көже. 

– Көже – қазақтың сүйіп ішкен, құрамы таза, ешбір химиялық қоспасы жоқ, берекелі сусыны. Бұл – балалық шақтың ауыздан кетпес дәмі. Кішкентай кезімізде анамыз қазан толы көже істегенде көршілеріміз келіп ішетін. Әкеміз үш соғысты өткеріп, сексенге жақындағанда дүниеден озды. Шабан болатын. Сонда ата-анамыздың ауырдық деп шағымданғанын көрген емеспіз. Халқымыз «Ауру – астан» деп бекер айтпаса керек, анамыз кез келген тағамды жей бермей, ысырып отыратын. Жылқының етін жеп отырып, майын беттеріне, шашына, қалғанын мәсілеріне жағатын. Тіпті, үйрек-тауықтың ішегінен майды алып, айырған соң тағамға салатын. Дүкеннен тек сабын ғана алатын едік. Барлығы табиғи, экологиялық таза өнім болатын, – деп еске алады Қалия Жұмабекова. 

Патент авторы бүгінде ұлттық сусынға қолдау мен сұраныстың  жоқтығына қапаланады. 

– Мен дайындайтын наурыз көженің құрамына жылқының еті мен сорпасын, қарақұмдық, күріш, сүт, тұз, тары қосамын.  Бұл өнімдердің құрамы табиғи таза.  Бірақ мейіз қоспаймын. Себебі, оның өзара үйлесімдігін ескерген дұрыс. Көже дайындау әдісін бала кезімде анамнан, кейін енемнен үйрендім. Мерекеде балаларға, жұмыстағы әріптестерімізге дайындаймын және барлығының көңілінен шығып жатады, – дейді ол.

Қалия Жұмабекова дайындаған көже Алматы қаласындағы «Сандық» мейрамханасында дегустациядан өткен.  

– Өкінішке орай, қазақтың ұлттық киімдері, наурыз көже тек қана мереке кезінде бағаланады. Бұл дұрыс емес.  Ұлттық тағам кез келген халықтың салт-дәстүрі мен тарихынан хабар береді. Сондықтан осы құндылықтарымызды жоғалтып алмау керек. Бұған қоса, біздің тағамдардың құрама өте таза, құнарлы, – дейді зейнеткер.

Бүгінде жасы 70-ке таяса да Қалия Жұмабекованың жүрісі шапшаң, қимылы ширақ, өмірге деген құштарлығы зор.  Басты мақсаты – көжені жұртшылық арасында кеңінен насихаттап, отандық өнімді әлемдік  нарыққа шығару.

Айта кетерлігі, бұған дейін жоба авторы шай саңырауқұлағы қосылған «Алтын батыр» сусынын шығарған болатын. Өнім емдік-профилактикалық мақсатта, иммунитетті көтеріп, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға және емдеуге қолданылады.