Қазақстандық әншілер павлодарлықтарды елорда күнімен құттықтады
«Ertis promenade» сахнасы маңына мыңдаған адам елорданың мерейтойын атап өтуге жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
Павлодарда Астананың туған күніне орай «Астана-Ұлы дала жүрегі» атты мерекелік концерт өтті. Сахнада жергілікті орындаушылар, шығармашылық ансамбльдер мен этномәдени бірлестіктер өнер көрсетті. Ал кештің басты қонақтары, қазақстандық әртістер–Әлішер Кәрімов, DINAYA және Exclusive live band кавер-тобы болды. Олар павлодарлықтарды мерекемен құттықтап, хит әндерін орындады.
Отандық эстрада әншісі Әлішер Кәрімов Павлодарға көптен бері келмегендіктен бұл жердің атмосферасын сағынғанын айтты.
– Араға бірнеше жылды салып, бүгін сіздермен қауышып, осы сахнада өнер көрсетіп тұрғаныма ризамын. Осындай мереке қарсаңында сіздер үшін өнер көрсетіп, көңілдеріңізді көтеруге дайынмын. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын, – деді әнші.
Концерт барысында Әлішер Кәрімов жаңа әндерімен қатар, хит болған әндерін қала тұрғындарымен бірге шырқады.
Сахнада Павлодар туралы алғашқы әсерімен әнші DINAYA бөлісті. Орындаушы он жыл бұрын облыс орталығына ұшып келгенін есіне алды. Әнші сол сапарында рейстің ұзақ кешігіп, аязда қатты тоңып, қарыны ашқаны туралы инстаграмда бөліскен кезде оған желідегі оқырманы жазып, оның ата-анасы әуежайға ыстық бәліш әкеліп, көмекке келген екен. Әнші осы жағдайды әлі де ұмытпаған.
– Бүгін осы қалаға келгенде Павлодар өте өзгергенін көрдім. Ол өте әдемі болған. Қазір одан да күшті, жарқырай түскен. Ал сіздер сондай мейірімді, шынайы, ашық жандарсыздар, – деді DINAYA.
DINAYA жергілікті тыңдармандарға алғаш рет өзінің жаңа әндерін ұсынды. Сонымен қатар, ол арнайы өңір тұрғындары үшін павлодарлық композитор Естай Беркімбаевтың «Құсни Қорлан» әнін орындады.
Айта кетейік, биыл Астана өзінің 25 жылдығын атап өтті.
Фото: Ольга Бугаева