Павлодарда қазақ вальсі королінің тағдыры сахналанды
Зал лық толы болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының ұжымы атақты сазгер Шәмші Қалдаяқовтың өміріне қатысты «Шәмші» спектакль-концертінің премьерасын көрермен назарына ұсынды.
«Шәмші» спектакль-концерті сазгердің халық аузынан түспейтін, классикаға айналған шығармалары қалай дүниеге келді деген сұраққа жауап қайтарады. Басты рөлді Қазақстанның мәдениет қайраткері, театр әртісі Бейбіт Шәнім сомдады.
– Шәмшінің өзі – әзіл-қалжыңға жақын болған адам. Өмірдің қиындығына мойымай, шығармашылығын қазақ әлеміне паш ете білген ерекше тұлға деп білеміз. Адамның жүрегінің түкпірінде жатқан, айта алмай жүрген ойлар Шәмші ағамыздың әндерінен естіліп тұрады, – дейді Шәмші Қалдаяқовтың рөлін сомдаған театр әртісі Бейбіт Шәнім.
Бұдан бөлек, театр сахнасында Шәмші Қалдаяқовқа арналған «Сыған серенадасы» атты қойылым қойылып жүрген. Режиссері Гүлбарам Бақтиярова болды. Басты рөлді аталмыш театрдың әртісі, аға буын өкілі Бейбіт Шәнім сомдады.
– Қазіргі таңда Шәмшіні білмейтін қазақ жоқ. Кез келген әлеуметтік желі не болмаса басқа құралдар арқылы сазгерді еске аламыз. Бүгінгі рөлімде Шәмшінің атын жамылып, ауылдан келген алаяқтың рөлін сомдаймын. Қызық сезім. Бұл оқиға – Шәмші Қалдаяқовтың жазба күнделігінде жазылған. Сол кездерде «Қазақ вальсінің королінің» сырт-келбетін екінің бірі біле бермейтін, – дейді театр әртісі Дастан Бекнұр.
Мың ғасырда бір туатын Шәмші мен Шабыт. Олардың тек екеуара ғана түсінетін әлемдері бар. Шәмшінің ішкі сыры әрбір жүректі толғайды. Анасының әлдиіне уанған тау тұлға, есейе келе ғашығы – Сағыныштың сазына қанығып, махаббат жайлы сыр шертеді. Өмірдің құлазытқан сәттеріне мойымай, мәңгілік әуендерді мұраға қалдырды.
Туындыда ән әлемінің майталманы, вальс королі, ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен өнері, жетістігі мен жеңілісі, махаббаты мен ғадауаты сипатталады.
– Қазақ халқында «Шәмші, Шәмшінің әні» десе, ішкен асын жерге қоймайтын жан жоқ. Адам жүрегін тебірентетін сезімдердің қайсысы болмасын – асыл ана, ардақты әке, мөлдір сезім, шынайы махаббат – осының бәрі Шәмші әндерінің тақырыбы десек, асырып айтқандық болмас, – дейді спектакль-концерттің авторы Нұркен Тұрлыбек.
Оның айтуынша, қойылымның сценарийін жазу барысында әртүрлі ақпараттарға жүгінген, сондай-ақ театр музыка-драма бағытында болғандықтан осы бағытта жазып шығуды жөн санағанын атап өтті.
– Шәмші де өз заманында бағаланбай кетті. Неге оны түсіне алмадық. Шәмшінің ішкі ойын, көзқарасын бергіміз келді. Фильмдер мен спекталкьдерді қарап шықтық. Көркемдеп жазып шықтық деген ойдамын, – дейді ол.
Композитор Шәмші Қалдаяқов 300-ден астам әннің авторы, ҚР Мемлекеттік Әнұранының авторы, тірісінде «Қазақ вальсінің королі» атанған.
Айта кетейік, «Шәмші» спектакль концертін көрермендер бүгін сағат 18:30-да тамашалай алады.