Актерлар шеруі: Павлодарда қазақстандық үздік театрлары бас қосты
11 театр ұжымдары премьераларын қойып, өнерлігін сахнада көрсетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Биыл Алаш қайраткері, қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетінің негізін қалыптастырушылардың бірі – Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 135 жыл толып отыр. Тұлғаның мерейтойына орай Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрында «Ертіс-Баян» I республикалық театрлар фестивалі өтті. Театр саласы үшін маңызы бар іс-шараға КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері, мемлекеттік сыйлықтардың иегері Асанәлі Әшімов қатысып, фестивалдің ашылуымен келген қонақтарды құттықтады.
– Бүгінгі фестивальдің ашылуы келешекте халықаралық, бүкіл халықтық бүкіл әлемдік фестивальға айналса, жақсы болады. Өйткені әр елден келген өнер қайраткерлерінің әр театрының бағыт бағдары өзгеше, сондықтан көп нәрсені танып білесіздер,– деді Асанәлі Әшімов.
Әйгілі әртіс кезінде Ж.Аймауытов театрының ашылуының куәгері болғанын еске түсірді.
– Театр бен өнер жасай берсін. Өнер, әдебиет, ғылымды байланыстырып, жұмыстарыңызға үлкен көмек, сахналық дух берсін. Осыған мен тілектеспін,– деді Асанәлі Әшімов.
Шараға келген қонақтар мен жергілікті тұрғындар облыстық театрдың алдында төселген қызыл кілеммен өткен 11 театр ұжымдарының шеруін тамашалады. Еліміздегі үздік өнер ұжымдарының қойылымдары бағаланатын театрлар додасы 20-25 қыркүйек аралығына жоспарланған. Алғашқы қойылым Ж.Аймауытов театры көш бастап, «Ричард ІІІ» трагифарсымен сахнада қойылым көрсетті.
Фестиваль аясында екінші қойылым семейліктерде. Олар «Абай айтқан Еңлік-Кебек» трагедиясын қалың көрерменнің назарына ұсынады. Абай атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының актрисасы Әсел Нұрланованың айтуынша, Павлодарға фестивальге қатысу мақсатында бүкіл ұжым келді.
– «Еңлік-Кебек» – өткен маусымның премьерасы. Өте сәтті қойылым болды. Еңліктің рөлін музыкалық колледж студенті 16 жасар Еркеназ Қуанышқызы және Кебекті 19 жастағы жас актер Расул Семейғазы сомдайды,– деді Әсел Нұрланова. – Осындай фестивальдар қай уақытта болса да қажет. Өйткені Қазақстандағы театрлар осындай шараларды күтіп жүреді. Фестмивальде басқа театрлармен бір сахнада өнер көрсетіп, шығармашылық тәжірибемен алмасамыз.
Мәселен, Астаналық Жастар театрының актері Дәурен Серғазин да фестивальге қатысуға шақыртуын қуана қарсы алды.
– Біз фестивальге Жәнібек Әлікеннің шығармасы «Күйеу бала» деген драманы алып келдік. Ол соңғы жылдары шыққан спектакль әлі фестивальдарға қатысып көрмегендіктен жаңа, тың шығарманы ұсынамыз. Труппада актерлар саны 15 адамдай. Ең бастысы қойылымды көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласын алу және де сарапшылардан қай бағытта жүріп жатқанымызды сынын тыңдау, сондай-ақ, басқа да театрлардың жаңашылдықтарымен танысу,– деді Дәурен Серғазин.
Жастар театры фестиваль біткеннен кейін де 1-2 қазанда Павлодар қаласына екі күндік гастрольмен келеді Шығармашылық ұжым «Жанарымдағы жалғыз әуен» қойылыммен және «Махаббат миниатюралары» деген театрландырылған концертін ұсынады.
Фестиваль отандық театр өнеріндегі үздік жұмыстарды, заманауи театр үрдісінің негізгі тенденцияларын анықтау және театр өнерінің классикалық, заманауи мұралары арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, актерлік кәсіби деңгейді шыңдау, театр әлеміндегі жаңа есімдерді анықтау мақсатында өткізіледі. 25 қыркүйекке дейін өтетін қойылымдарды тамашалау үшін билеттерді Тикетон сайтында алуға болады.