Қазақстан мектептерінде «Заң мен Тәртіп» цифрлық жүйесі іске қосылады

Қазақстан мектептерінде «Заң мен Тәртіп» цифрлық жүйесі іске қосылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жоба оқушылармен қатар ата-аналар мен педагогтерге де арналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ведомство Оқу-ағарту министрлігі және «Bilim Group Ltd» компаниясымен бірлесіп, BilimClass білім беру платформасына «Заң мен Тәртіп» инфрақұрылымын енгізуге кірісті.

Жоба құқық бұзушылық пен нашақорлықтың алдын алуды бір реттік дәрістерден тұрақты онлайн форматқа көшіруді көздейді. Платформада мамандардың вебинарлары, педагогтерге арналған онлайн оқыту және ата-аналармен виртуалды кездесулер ұйымдастырылады.

– «Заң мен Тәртіп» инфрақұрылымын BilimClass платформасына енгізу арқылы оқушылар, ата-аналар және педагогтер тұрғылықты жеріне қарамастан құқықтық және профилактикалық ақпаратты бірдей ала алады, – деп хабарлады министрлікте.

BilimClass 5 мыңнан астам мектепті қамтиды. Оны 2,5 миллионнан астам оқушы, 350 мың педагог және 5 миллионнан астам ата-ана пайдаланады.

Материалдар пайдаланушыларға қарай үш бағытқа бөлінеді. Оқушыларға интерактивті тесттер, бейнероликтер мен электрондық буклеттер ұсынылады. Ата-аналар баланың мінез-құлқындағы қауіп белгілерін ерте анықтауға арналған құралдар мен анонимді сенім қызметтерінің байланыстарын көре алады. Педагогтерге күнделікті профилактикалық жұмысқа арналған әдістемелік және цифрлық құралдар беріледі.

Алдағы уақытта платформада лудомания, жол және киберқауіпсіздікке арналған жаңа бөлімдер пайда болады. Сондай-ақ балаларды интернеттегі басқа қауіп-қатерлерден қорғауға бағытталған материалдар қосу жоспарланған.