ҰБТ өзгерісі: Аида Балаева жаңашылдықтарды түсіндірді
Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру тәсілдері қайта қаралады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҰБТ жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізілмек. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.
Оның айтуынша, адами капиталға инвестиция жасау – жаңа Конституцияның прогрессивті идеясының негізінде жатқан стратегиялық басымдықтардың бірі. Бұл бағыт Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған мемлекеттік саясаттың басты өзегіне айналған.
Бүгінде әлемнің жетекші елдерінде білім берудің жаңа модельдері қалыптасып, халықаралық ынтымақтастық нығайып келеді. Сонымен қатар, жекелендірілген оқыту мен цифрлық шешімдер енгізілуде. Бұл өз кезегінде жаңа білім беру экожүйесін қалыптастырып, оқушыларды ерте кезеңнен кәсіби диагностикалауға, таланттарды анықтауға және оларды мақсатты түрде дамытуға мүмкіндік береді.
– Қазіргі таңда білім беру саласы тек білім берумен шектелмей, нақты дағдыларды меңгерген, еңбек нарығына бейімделген мамандарды даярлауға бағытталуы тиіс. Бұл – сапалы жаңа кезеңге көшу, – деді Аида Балаева.
Министрдің айтуынша, ҰБТ жүйесі көпжылдық тәжірибе барысында жоғары оқу орындарына түсуде ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз ететін тиімді құрал ретінде өзін дәлелдеді. Дегенмен уақыт талабына сай білім беру трендтері, еңбек нарығы мен құзыреттерге қойылатын талаптар өзгеруде.
– Біз қолданыстағы кемшіліктерді мойындап, оларды түзетуіміз қажет. Атап айтқанда, ҰБТ-ны бірнеше рет тапсыру жүйесі талапкерлерді сапалы іріктеу міндетін толық шеше алмай отыр. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарының дарынды жастарды өз бетінше іріктеу мүмкіндігі шектеулі. Бұл, әсіресе, адами капиталды дамытуда маңызды рөл атқаратын педагогикалық жоғары оқу орындарына қатысты, – деді министр.
Осыған байланысты бірқатар нақты шаралар ұсынылуда. Атап айтқанда, педагогикалық мамандықтарға түсушілерді іріктеу кезінде тестілеумен қатар арнайы емтихандарды қамтитын гибридті бағалау жүйесін енгізу көзделіп отыр. Бұл ретте басты назар тек пәндік білімге ғана емес, талапкердің ойлау қабілетіне, талдау дағдыларына және оқу дайындығына аударылады.
– Бүгінде педагог – жай ғана мамандық емес, бұл – үлкен жауапкершілік пен балалармен тікелей жұмыс істеу құқығы. Сондықтан бұл салада тек білім ғана емес, қарым-қатынас мәдениеті мен оқушының қабілетін аша білу маңызды, – деп атап өтті Аида Балаева.
Келесі жылдан бастап педагогикалық мамандықтарға түсу кезінде ҰБТ нәтижелерімен қатар ауызша емтихандардың қорытындылары да есепке алынатын болады. Бұл емтихандарда талапкерлердің сыни ойлау қабілеті мен коммуникациялық дағдылары негізгі критерий ретінде бағаланады. Сонымен қатар, қазіргі таңда халықаралық сарапшылармен бірлесіп әзірленіп жатқан Admissions Insight Test жаңа форматтағы тапсырмалар да енгізілмек.
Сондай-ақ ҰБТ-ны жалпы жүйе ретінде трансформациялау, яғни оны бір рет тапсыру қағидатына көшіру ұсынылуда. Бұл грант конкурсына қатысу кезінде әділ әрі объективті бағалауды қамтамасыз етуге бағытталған. Ал талапкерлер үшін білім деңгейін тексеруге мүмкіндік беретін сынақ тестілеу жүйесі сақталады.
Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарына Foundation бағдарламалары арқылы шартты қабылдау тәжірибесінен бас тарту жоспарланып отыр. Себебі тәжірибе көрсеткендей, мұндай жолмен қабылданған студенттердің 50-60 пайызы оқу жылы ішінде ең төменгі шекті балды жинай алмайды. Осыған байланысты талапкерлердің болашақ мамандығын саналы түрде таңдауы аса маңызды.