Маралдыны туристік орталыққа айналдыру жоспарлануда
Бұл жөніндегі нақты тапсырма Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов тарапынан айтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шарбақты ауданына жұмыс сапары барысында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Маралды көлінің туристік әлеуетін дамыту мәселесіне ерекше тоқталды. Өңір басшысы көл жағалауындағы абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп, демалушылар үшін заманауи әрі жайлы орта қалыптастыру қажет екенін айтты.
— Маралды көлін абаттандырумен айналысу керек керек. Жасыбай мен Сабындыкөлде жасалған жұмыстарды мұнда да жүзеге асыру қажет. Жағалау абаттандырылып, адамдарға қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Маралдының әлеуеті өте жоғары, сондықтан бұл жер жақын жылдары өңірдің басты туристік нүктелерінің біріне айналуы керек, — деді Асайын Байханов.
Облыс әкімінің айтуынша, абаттандыру жобасының эскиздік бас жоспары қазан айының соңына дейін дайындалуы тиіс. Осыдан кейін жобаны қаржыландыру мәселесі қаралады. Болашақта көл аумағында серуендеу аймақтары, демалыс орындары, жағажай инфрақұрылымы мен туристерге арналған қолайлы қоғамдық кеңістіктер пайда болады деп жоспарланып отыр.
Аймақ басшысы былтыр Сабындыкөлдегі жұмыстар толық аяқталғанын, ал биыл Жасыбайды жаңғырту жалғасып жатқанын атап өтті. Келесі кезеңде Торайғыр мен Маралды көлдерін дамыту қолға алынады.
Оған дейін облыс әкімі Шарбақты ауданы орталығындағы көшелерді жөндеу, қоқыс шығаруды ұйымдастыру және жалпы абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты.