Павлодарда жатыр мойны обырының алдын алу жолдары айтылды

Павлодарда жатыр мойны обырының алдын алу жолдары айтылды
Фото: Константин Шелков

Дәрігерлер қатерлі вирусты тудыратын қауіпті белгілерді атады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бүгінгі күні облыста дәрігерлер жатыр мойны обырының алдын алу жолдары мен адам папиллома вирусының қауіптілігі туралы айтты. 

Павлодар теміржол ауруханасының жоғары санатты акушер-гинеколог дәрігері Торғын Камзинаның айтуынша, Қазақстанда жатыр мойны обыры әйелдер арасында кең таралған қатерлі ісіктердің ішінде сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр.

Жыл сайын елімізде шамамен 2 000 әйелге осы диагноз қойылады. Оның 600-ден астамы көз жұмады. Аурудың басты қауіптілігі – бастапқы кезеңде белгілерінің болмауы, – деді дәрігер.

Дәрігердің айтуынша, алғашқы белгілердегі ағзаның әлсіздігі,әйел денсаулығындағы айқын өзгерістер жатады. Ауру асқынған жағдайда дене қызуының көтерілуі, зәр шығару жүйесіндегі бұзылыстар, салмақ жоғалту секілді белгілер пайда болуы мүмкін.

Мамандар жатыр мойны обырының негізгі себебі – адам папиллома вирусының ағзада ұзақ сақталуы екенін атап өтті. Сондықтан скринингтен уақтылы өту аса маңызды. Ұлттық бағдарлама бойынша әйелдер 30 жастан бастап әр төрт жыл сайын тексеруден өтуі тиіс.

Торғын Камзина АПВ-нің 200-ден астам түрі бар екенін, оның ішінде 16 және 18 типтері ең қауіпті саналатынын айтты. Олар жатыр мойны обыры жағдайларының басым бөлігінде кездеседі.

Бүгінде Павлодар облысында жатыр мойны обыры диагнозымен 1 258 әйел есепте тұр.

Вакцинация – аурудың алдын алудың ең тиімді жолы. Ауруды емдегеннен гөрі, оның алдын алу әлдеқайда маңызды. АПВ вирусын толық жою мүмкін емес. Сондықтан ең тиімді тәсіл – вакцинация мен тұрақты медициналық тексеру., – деді ол.

Мамандар салауатты өмір салтын ұстану, темекі мен алкогольден бас тарту және дәрігерге тұрақты қаралу да қатерлі ісіктің алдын алуға көмектесетінін айтты.

Еске сала кетейік, Қазақстанда адам папиллома вирусына қарсы вакцинация былтыр ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген болатын. Дәрігерлердің айтуынша, бұл жатыр мойны обырының алдын алуға бағытталған ең тиімді тәсілдердің бірі саналады.