Павлодарда жоспарлы тексеру кезінде жүректегі қауіпті ісік анықталды
Жоспарлы тексеру кезінде 59 жастағы азаматтың өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық кардиологиялық орталығына сол жақ жүрекшесінің миксомасы диагнозы қойылған 59 жастағы науқас шұғыл түрде жеткізілді. Бұл – өмірге елеулі қауіп төндіретін жүректің сирек кездесетін қатерсіз ісігі.
Дәрігерлер миксома дәнекер тіннен дамитын сирек кездесетін ісік түріне жатады және жүрек қуыстарының ішінде орналасатынын айтады. Бұл патологияның ерекшелігі – оның көптеген жылдар бойы ешқандай белгі бермей өтуі, сондықтан дер кезінде анықтау қиынға соғады.
Павлодар облыстық кардиологиялық орталығының кардиохирургы Ерлан Ордабаевтың айтуынша, мұндай ісіктердің басым бөлігі тек тексеру кезінде кездейсоқ анықталады.
– Бұл патологияның қауіптілігі – оның жылдар бойы ешқандай симптомсыз өтуінде. Сол себепті диагноз көбіне кездейсоқ қойылады. Осы жағдайда да қауіпті ісік науқасты күндізгі стационарға рәсімдеу кезінде жүргізілген жоспарлы тексеру барысында анықталды, – деді Ерлан Ордабаев.
Ешқандай айқын шағымдардың болмауына қарамастан, анықталған ісік өмірге аса қауіпті асқынуларға алып келуі мүмкін еді. Егер миксоманың бір бөлігі немесе толықтай үзіліп кетсе, қан айналымының күрт бұзылуына әкеліп, инсульт, инфаркт немесе басқа да ауыр жүрек-қан тамырлары апаттарын туындатуы ықтимал. Сонымен қатар уақыт өте келе ісік ұлғайып, жүрек қызметін бұзып, ауыр зардаптарға соқтыруы мүмкін.
Диагноз қойылғаннан кейін орталық мамандары шұғыл операция жасау туралы шешім қабылдады. Кардиохирургтар миксоманы оның сабағымен бірге және ісік бекіген жүрекшеаралық қалқаның бір бөлігін алып тастады. Операция барысында пайда болған жүрекшеаралық қалқа ақауы арнайы пластырьдің көмегімен бірден жабылды.
Операция сәтті өтті. Қазіргі уақытта науқас операциядан кейінгі оңалту кезеңінен өтіп, ауруханадан шығарылуға дайындалуда.
Мамандардың айтуынша, қауіпті патологияның дер кезінде анықталуына науқастың тұрақты түрде профилактикалық тексерулерден өтуі және дәрігерлердің жоғары кәсіби қырағылығы ықпал етті.
Күрделі әрі қымбат жоғары технологиялық операция МӘМС жүйесі аясында жүргізілді. Бұл науқастың қажетті медициналық көмекті қосымша қаржылық шығынсыз алуына мүмкіндік берді.
Павлодар облыстық кардиологиялық орталығы өңір тұрғындарын профилактикалық тексерулерден тұрақты өтіп тұруға шақырады. Себебі мұндай тексерулер ауыр ауруларды ерте кезеңде анықтап, қауіпті асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.