Павлодарлықтар бес айда жүздеген миллион теңгеден айырылған

Павлодарлықтар бес айда жүздеген миллион теңгеден айырылған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жыл басынан бері өңірде 700-ден астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асхат Әбетжанов мәлімдеді.

Оның айтуынша, өткен жылдың алғашқы бес айында өңірде шамамен 800 интернет-алаяқтық фактісі тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 700-ге жуықтаған. Дегенмен мамандар бұл санның өзі Павлодар облысы үшін жоғары көрсеткіш екенін айтады.

– Күн сайын орта есеппен 8-10 интернет-алаяқтық фактісі тіркеледі. Көбінесе 40 пен 70 жас аралығындағы азаматтар зардап шегеді. Бірақ соңғы уақытта жастар арасында да мұндай жағдайлар жиілеп келеді. Тіпті жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің арасында да алаяқтардың құрбаны болғандар бар, – дейді Асхат Әбетжанов.

Мамыр айында тіркелген ең ірі шығын көлемі 29 миллион теңгені құраған. Зардап шеккен азамат несие рәсімдеп, жеке шотындағы барлық қаражатын жалған инвестициялық жобаға салған. Нәтижесінде барлық ақшасынан айырылған. Ал ең аз шығын көлемі 33 мың теңге болған. Бұл жағдайда мектеп түлегі интернет арқылы киімге тапсырыс беріп, алаяқтардың құрбанына айналған.

Полиция мәліметінше, қазіргі уақытта ең көп таралған алаяқтық түрлері – жалған интернет-дүкендер, өзін банк қызметкері немесе қауіпсіздік қызметінің өкілі ретінде таныстыратын қаскөйлер және инвестициялық жобаларға ақша салуға үгіттейтін схемалар.

Құқық қорғау органдары тұрғындарға ешқандай мемлекеттік орган немесе полиция қызметкері азаматтардан ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды талап етпейтінін ескертеді.

– Бізге адамдар көбінесе ақшасын аударып қойғаннан кейін ғана келеді. Ал мұндай жағдайлардың көпшілігінің алдын алуға болады. Егер белгісіз біреу қоңырау шалып, ақша аударуды талап етсе немесе жеке деректеріңізді сұраса, бірден әңгімені тоқтатып, 102 нөміріне хабарласқан жөн, – дейді басқарма басшысы.

Өңірде интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері кәсіпорындарда, оқу орындарында және еңбек ұжымдарында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Сонымен қатар арнайы профилактикалық WhatsApp арнасы жұмыс істейді. Онда интернет-алаяқтықтың жаңа түрлері мен сақтану жолдары туралы ақпарат жарияланып тұрады.

Полицейлер азаматтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі күмәнді хабарламаларға сенбеуге, ақша аудармас бұрын ақпаратты бірнеше рет тексеруге және жақындарының атынан келген қаржылай көмек сұраған хабарламаларды міндетті түрде телефон арқылы нақтылауға шақырады.

Мамандардың айтуынша, интернет кеңістігінде шекара жоқ, сондықтан алаяқтар түрлі психологиялық тәсілдерді пайдаланып, азаматтардың сеніміне кіруге тырысады. Осыған байланысты тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру мен қырағылық танытуы аса маңызды болып отыр.

Еске сала кетейік, Павлодар облысының тұрғыны интернет-алаяқтардың арбауына үш рет түсіп, ақырында жалғыз баспанасынан айырылған болатын.