Астана – Павлодар тасжолында бетон жабынының көтерілу ақауы жедел жойылуда
Жоспарлы патрульдеу барысында жол мамандары жабынның көтерілуіне әкелуі мүмкін екі ықтимал қауіпті учаскені анықтаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, алдын алу мақсатында 2026 жылғы 31 мамырдан бастап бұл нүктелерде жедел профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, қазіргі уақытта олар жалғасуда.
– 2026 жылғы 1 маусым күні сағат 13:30 шамасында кезекті тексеріс кезінде KAZ04 «Астана – Павлодар» жолының Павлодар – Астана бағыты бойынша 1356 шақырымында цементбетон жабындысының көтерілуі тіркелді, – делінген хабарламада.
Мамандардың алдын ала мәліметінше, ақаудың пайда болуына ауа температурасының +35…+37°C-қа дейін көтерілуі себеп болған. Мұндай жағдайда бетон плиталарында температуралық кеңею жүріп, ішкі кернеулер пайда болып, жабынның көтерілуіне әкелуі мүмкін.
– Аталған учаскеде дереу уақытша жол белгілері орнатылып, «ҚАЖсервис» ЖШС Павлодар облыстық филиалының №61 жол пайдалану учаскесі мамандары жөндеу жұмыстарына кірісті. Қазіргі уақытта бүлінген цементбетон жабындысын бөлшектеу және қозғалыс қауіпсіздігін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, – деді мамандар.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жүргізушілерден жөндеу жүріп жатқан учаскелерде мұқият болуды, уақытша жол белгілерін сақтауды және жылдамдық режимін қатаң ұстануды сұрайды.