Павлодарда терезеден құлаған қыздың үйде үлкен балалармен қалғаны белгілі болды

Павлодарда терезеден құлаған қыздың үйде үлкен балалармен қалғаны белгілі болды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Үшінші қабаттың терезесінен құлаған қыздың оқиғасына байланысты жаңа мәліметтер белгілі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Алдын ала ақпарат бойынша, 4 маусым күні Академик Шөкин көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған оқиға кезінде баланың анасы жұмыста болған. Қыз бала үйде өзінен үлкен балалармен қалған.

Еске сала кетейік, бұған дейін 2021 жылы туған бүлдіршіннің үшінші қабаттың терезесінен құлап, облыстық балалар ауруханасына жеткізілгені хабарланған болатын. Дәрігерлер оған ішкі ағзалардың соғылуы мен ми шайқалуы диагнозын қойып, хирургия бөлімшесіне жатқызған.

Оқиғаға байланысты полиция ата-аналарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертті. Тәртіп сақшылары балаларды ашық терезесі бар бөлмеде қараусыз қалдырмауға, терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатуға және жиһаздарды терезе маңына қоймауға шақырды.

Сондай-ақ мамандар бөлмені тек желдету режимінде ашуды және балалардың терезе алдына шығуына жол бермеуді ұсынды.

Полицияның атап өтуінше, балалардың қауіпсіздігі ең алдымен ересектердің жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан ата-аналарға үйлеріндегі терезелердің қауіпсіздігін қайта тексеру ұсынылды.