Абайдың 180 жылдығында павлодарлық ақын арнайы жүлдеге ие болды

Абайдың 180 жылдығында павлодарлық ақын арнайы жүлдеге ие болды

Шараға 80-нен астам ақын туындыларын ұсынған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Абай облысы Семей қаласында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Өлең – сөздің патшасы» халықаралық жыр мүшәйрасы өтті. Қазылар алқасы әріктеу кезеңінен өткен сегіз ақынның жырларынан үздіктерін бағалап, ақын мерейтойының марапатын ұсынды.

Бас жүлде астаналық Ұмтыл Зарыққанға бұйырса, бірінші орынды Нұрбек Кеңесбай, екінші орынды Алматы қаласының белгілі әдебиетшісі, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып иеленді. Үшінші орынды Түркістанның тумасы Дәурен Тілеухан, ал «Жас Абай» арнайы жүлдесін Май ауданы Көктебе ауылының аудандық мәдениет, ойын-сауық орталығының ұйымдастырушысы Ерлан Аманқожаұлы алды.

Байқауда ақын «Абай рухына» және «Баба жұртқа тағзым» атты авторлық өлеңдерін оқыды. Ерлан Аманқожаұлының айтуынша, өзінің шығармашылық жолы туған ауылындағы ұлттық дәстүрге бай ортадан бастау алғанын айтады.

– Менің туған ауылым қазақы дәстүрге бай орта болған. Ол ертеден келе жатқан дәстүрлерімізді әлі күнге дейін сақтап қалған  киелі топырақ еді. Киіз үйлер тігіліп, ел ішінен жиналған ақындар таң атқанша айтысатын. Біз сол өнерді тыңдап өстік. Анам ертегілер мен кітаптарды дауыстап оқып беретін. Сол дәстүрлі орта мені поэзияға жетеледі, – дейді ол. 

Ол алғашқы рет 2003 жылы аудандық сахнада айтысқа қатысып, жүлдегер атанған. Кейін Қазақ университетінде оқи жүріп, өлең жазуға бет бұрған. Оның айтуынша, шабыт  өнерге шексіз ғашық болудан туындайды.

Сондай-ақ, ақын «Құс қайту» атты жыр жинағын мемлекеттік бағдарлама аясында жарыққа шығаруға дайындауда.