Сәуірде Павлодар облысында өртті ерте анықтау жүйесі іске қосылады
Орманды алқаптарда камералармен жабдықталған 23 тірек мұнара орнатылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста өрт қаупі бар кезеңге дайындық барысы туралы талқыланды. Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаеваның сөзінше, орман қоры аумағында қауіпті өрт маусымы 8 сәуірден бастап белгіленді.
– Облыс бойынша өрттерді жоюға 500-ден астам тұрақты мемлекеттік орман күзеті, өрт сөндіруші бригадасы тартылады. Барлық өртке қарсы және патрульдік техника дайын. Бұл – 11 өрт сөндіру автоцистерна мен 24 шағын өрт сөндіру кешені. Қауіпті өрт кезеңіне 13,4 тонна көлемінде жанармай қорының резерві қамтамасыз етілді, – деді басқарма басшысы.
Облыс әкімі Асайын Байханов өрт қауіпі маусымы басталар алдында бақылау жүйесі бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция басшысының міндетін атқарушы Қайрат Әбілбаевтың айтуынша, «Ертіс орманы» резерваты аумағында өртті ерте анықтау жүйесі орнатылды.
– Бұл жүйе арқылы найзағай түсетін жерді бірден анықтауға болады. Өрттің қай жерде шыққанын да тепловизор арқылы көре аламыз. Бүгінде 23 тірек бағана орнатылып, қызметкерлерді жүйені толықтай меңгеріп алу үшін оқытып жатырмыз. Өртті ерте анықтау жүйесі 8 сәуірге дейін іске қосылады, – деді Қайрат Әбілбаев.
Аймақ басшысы былтыр шыққан өрттердің басым көпшілігі найзағайдың түсуінен болғанын еске түсіріп, тілсіз жаумен күресудің тиімді жолдарын айтты.
– Өрттердің тағы бір себебі – ағаштың ескі бұталарының көп болуы. Оларды өз күшімізбен жою қиынға соғады. Дегенмен ескі ағаштардың қалдықтарын шығару керек, өйткені олар шыққан өрттің одан әрі таралып кетуіне себепші болады,– деді облыс әкімі.
Оның пікірінше, өртті ерте анықтау жүйесі орманның ішінде оттың тұтану орнын тез және қысқа мерзімде анықтап, оны сөндіру үшін жедел әрекет етуге көмектеседі. Сондай-ақ, Асайын Байханов облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасына құрғақ және ескі ағаштардың бұталарын жою мәселесін бейінді министрлікпен ақылдасып, талқылауға тапсырды.