Алтын скальпель мен фонендоскоп: Павлодарда медицина саласының үздіктері марапатталды

Алтын скальпель мен фонендоскоп: Павлодарда медицина саласының үздіктері марапатталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ақ халаттылардың кәсіби мерекесі қарсаңында Естай атындағы мәдениет сарайында көрме ашылып, концерт қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Марапаттау рәсіміне облыс әкімі Асайын Байханов қатысып, денсаулық саласына күні-түні еңбек етіп өз үлесін қосып келе жатқан медицина саласының қызметкерлері мен ардагерлерін құттықтады. 

– Тәулік бойы адам өмірін сақтауда ерінбей еңбек етіп, ауыр да жауапты қызмет атқарудасыздар. Қажырлы еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін! – деді аймақ басшысы. – Биыл денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын жаңартуға шамамен 16 миллиард теңге бөлінді. Бұл 17 нысанның күрделі жөндеу жүргізуге, 400 медициналық жабдықты жаңартуға мүмкіндік береді. 

Өңірде 10 жылдан астам уақыт бойы «Алтын скальпель», «Алтын фонендоскопы», «Өмір сыйлайтын алтын қолдар» номинациялары бойынша конкурс өткізіліп келеді. Аталмыш байқау жеңімпаздарының бірі – №3 қалалық ауруханасының хирург дәрігері Нұрлан Ахметов өз жұмысына адал екенін айтып берді. 

– Мен адамдарға көмектесіп, олардың өмірін сақтауға деген ұмтылыспен дәрігер мамандығын таңдадым. Отбасымызда дәрігерлер болған емес. Хирург – бұл өте жауапкершілігі жоғары, маңызды мамандық. Бүкіл тәуекелдерді саралай отырып, жауапкершілікті мойнымызға жүктеп, отаға кіреміз. Бір күнде екі-төрт отаны жүргізе аламыз. 

Ал, №1 Павлодар қалалық ауруханасы нефрология бөлімшесінің меңгерушісі Жұмабиға Каримова «Павлодар облысының алтын фонендоскопі» атағына лайықты деп танылды. Ол еңбек жолын бір ауруханада бастап, күні бүгінге дейін сол жерде жұмыс атқаруда.

– Бүйрек – бұл екінші жүрек, оның жағдайын әркім мұқият қадағалап отыруы керек. Алған марапатым – тек менікі ғана емес, облыстың барлық нефрологиялық қызметі, оның ішінде біздің бөлімшенің марапаты, – деді Жұмабиға Каримова.

Сондай-ақ, облыстық балалар ауруханасының №4 бөлімшесінің меңгерушісі Алла Веселовская «Павлодар облысының өмір сыйлайтын алтын қолдары» атағына ие болды. 

Бұдан бөлек көп жылғы адал еңбегі, жоғары кәсіби біліктілігі, облыстың денсаулық сақтауды дамыту ісіне қосқан елеулі үлесі үшін «Viamedis Pavlodar» ЖШС әйелдер денсаулығы бөлімінің басшысы Айман Оспанова мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры директорының орынбасары Алмагүл Ахметжанова «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Ал 46 медициналық қызметкер облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаттары, «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «ҚР денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілеріне ие болды. 

Ақ халаттыларға арналып мерекелік концерт өткізілді. Ал мәдениет сарайының кіреберісінде түрлі медициналық жабдықтардың көрмесі қойылды. Олардың арасында 33 жылдық ескі центрифуга, Нидерланды елінен әкелінген су жаңа тамырларды көрсету жүйесі және тағы да басқа жабдықтар бар.