Павлодарлықтар «жедел жәрдемді» шақырғанда бейнежазбадан бас тарта алады

Павлодарлықтар «жедел жәрдемді» шақырғанда бейнежазбадан бас тарта алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

1 тамыздан бастап барлық «103» бригадалары бейнежетондармен жабдықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенконың айтуынша, бейнежетон тек медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың жұмысын да тәртіпке келтіреді.

– Бір жарым ай ішінде бейнежетондарды қолданудың оң тәжірибесін байқадық, біз шақырту орнына барғанда бірден видео және аудиожазба жүріп жатқанын ескертеміз. Осы уақытқа дейін науқастар тарапынан медицина қызметкерлеріне агрессия көрсетілген бірде-бір жағдай тіркелген жоқ,– деді 

Ирина Мищенко. Оның айтуынша, тек бір науқас бейнежазбадан бас тартқан, алайда аудиожазба жалғаса берді.

Ол бейне және аудиожазбалар туралы барлық ақпарат қашықтағы бұлтты серверде сақталатынын еске салды. Әлеуметтік желілерге таратылмайды, тек жедел жәрдем станциясында белгілі бір уақыт сақталып, кейін жойылады. «103» қызметінің барлық қызметкерлері медициналық құпияны жария етпеу туралы келісімге қол қойған, сондықтан ақпарат жалпыға қолжетімді болмайды.

– Науқасты қарау кезінде, электрокардиограмма жазу барысында немесе дененің кейбір бөліктерін тексергенде бейнежазба жүргізілмейді. Мұндай жағдайда бейнежетон тек аудиожазба режиміне ауыстырылады, – деп түсіндірді Ирина Мищенко.

Реанимациялық көмек көрсетілген жағдайларда, төтенше оқиғаларда, жаппай зардап шеккендер болғанда немесе жанжал туындаған кезде жедел жәрдем шақыруларының жазбалары мерзімсіз сақталады.

«103» қызметіне күніне екі мыңға дейін қоңырау түседі.

Еске сала кетейік, жедел жәрдемнің барлық 70 бригадасы бейнежетондармен жабдықталған. Олар – қазақстандық өндірістің өнімі, біреуінің құны – 240 мың теңге.