Апатты мектеп: Железин ауданында су жаңа білім ордасы ашылды
Енді Моисеевка ауылының оқушылары жайлы әрі қауіпсіз мектепте оқитын болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мағжан Жұмабаев атындағы жаңа білім ошағы Ұстаздар күні қарсаңында есігін ашты. Моисеевка ауылында жарты ғасырлық, апатты жағдайда болған ғимараттың орнына заманауи білім беру мекемесі бой көтерді.
Мектептің салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Асайын Байханов қатысып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.
– Жүз орындық мектеп төрт айда салынды және бүгін Моисеевка ауылының оқушылары жаңа заманауи мектепте білім ала алады. Дайын нысанды инвестордан сатып алу туралы шешіміміз уақытты үнемдеуге септігін тигізді, – деп атап өтті облыс әкімі.
Бүгінде Моисеевка ауылында 44 оқушы оқиды. Бірінші қабатта кітапхана, асхана, спорт зал мен еңбек кабинеті, ал екінші қабатта оқу сыныптары орналасқан. Оқу шеберханаларының саны 5-тен 12-ге дейін ұлғайды. Мектеп ауласында жасанды жабыны бар футбол алаңы, баскетбол алаңы, жүгіру жолы, жылыжай салынды. Ал 2024 жылдың қаңтарынан бастап мектеп жасына дейінгі балаларға арналған шағын орталық ашылады.
– Өтінішімізге құлақ түріп, мектеп салып бергендеріңізге алғыс айтамыз. Облыс әкімі де бізді қолдап, бәрін өз бақылауына алды. Егер мектеп болмаса, ауыл да болмайды, – дейді мектеп түлектерінің бірі Ольга Ипатко. – Біз бұл мектепті 2012 жылдан бері күттік. Жаңа білім ордасын көрмей, кейбір көпбалалы отбасы ауылдан кетіп қалған еді.
Асайын Байханов болашақта Моисеевка ауылын әрі қарай дамыту жоспарын құру керектігін атап өтті.
– Осындай мектеппен мұғалімдердің де, оқушылардың да ынтасы, жігері, жетістіктері артады, – деді аймақ басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, биыл қыс мезгілінде Асайын Байханов аудандарды аралау кезінде Моисеевка ауылында құлау қаупі болған, төбесі бөренелермен тіреліп тұрған мектептің жай-күйін көрген болатын. Жаңа мектепті жоспарлау мен жобалаудың барлық стандартты рәсімдерін жүргізу екі жылға созылды. Ғимаратты инвестор салып, содан кейін дайын нысан бюджет есебінен сатып алынады деген шешім қабылданған болатын. Бұл жұмыстарды әлдеқайда жылдамдатуға, ұзаққа созылатын конкурстық рәсімдерді өткізбеуге мүмкіндік берді.