Еуропадағы ерекше гол: «Қайрат» шабуылшысы әлемдік рекордшылар қатарына ілінді

Еуропадағы ерекше гол: «Қайрат» шабуылшысы әлемдік рекордшылар қатарына ілінді

Ол тек «Барселона» жұлдыздары Ансу Фати мен Ламин Ямальге ғана жол беріп тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Алматылық «Қайрат» Академиясының түлегі Дастан Сатпаев Данияда өткен «Копенгагенге» қарсы 5-тур ойынында (2:3) Еуропаның басты клубтық жарысында алғашқы голын соғып, тарихи жетістікке қол жеткізді. 

Футбол клубының баспасөз қызметі хабарлағандай, гол соққан сәтте жас шабуылшының жасы небәрі 17 жас 110 күн болған. Бұл көрсеткіш бойынша ол Чемпиондар лигасы тарихында тек екі футболшыдан ғана төмен тұр.

– Бұл тізімге тек топтық кезеңнен бастап соғылған голдар ғана енгізіледі. Рейтингте бірінші орында 17 жас 40 күнінде гол соққан «Барселона» шабуылшысы Ансу Фати тұр. Екінші орынды тағы бір «Барселона» ойыншысы Ламин Ямаль (17 жас 68 күн) иеленеді. Ал Дастан Сатпаев 17 жас 110 күндік нәтижесімен әлемдегі ең жас бомбардирлердің үздік үштігін қорытындылап тұр, – делінген хабарламада.

Клубтың мәліметінше, бұл гол Дастанға тағы бір маңызды көрсеткіш әкелді: ол Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде гол соққан тұңғыш қазақстандық футболшы атанды.