Халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық жаңа кезеңге өтті

Халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық жаңа кезеңге өтті
Фото: primeminister.kz

ХҚК мен АДБ өкілдері Қазақстанның МЖӘ саласындағы бастамаларын қолдауға дайын екендіктерін білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша ҚР Үкіметінің халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы Үкімет үйінде ұйымдастырылды. Премьер-министр Олжас Бектенов басшылық еткен бұл жиынға Дүниежүзілік банк, Халықаралық қаржы корпорациясы, Азия даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Еуразиялық даму банкі және Ислам даму банкі сияқты ірі халықаралық қаржы институттарының өкілдері қатысты. Кеңес құрамына сонымен қатар ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Ерболат Досаев пен ҚР стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев кірді.

Отырысты ашқан Премьер-министр Олжас Бектенов халықаралық қаржы институттарының Қазақстанның құрылымдық реформалары мен экономиканың сапалы өсуіне бағытталған озық тәжірибелерді енгізудегі стратегиялық рөлін ерекше атап өтті.

– Үйлестіру кеңесінің жұмысын және халықаралық қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимыл тетіктерін қайта форматтау ел Президентінің тікелей тапсырмасы бойынша жүргізілуде. Бұл мемлекеттің беделді қаржы институттарымен ынтымақтастыққа қаншалықты деңгейде көңіл бөлетінін көрсетеді. Еліміздің әлеуеті өте зор, сіздердің қолдауларыңызбен оны барынша жүзеге асыра аламыз деп ойлаймын, – деді ол.

Күн тәртібіндегі басты мәселе – ел экономикасына мультипликативті әсер беретін жобаларға халықаралық қаржы ұйымдарының қатысуын арттыру болды. Жиын барысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті нығайту, ел өңірлерінің қаржыны өз бетінше тартуы, көлік әлеуетін дамыту, сондай-ақ микро, шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылық қолдау бағдарламаларын кеңейту мәселелері қаралды. МЖӘ тетігін қолдануды талқылау кезінде «Бағдарламалық МЖӘ» тетігін енгізуге бағытталған «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» Заңның жаңа редакциясы атап өтілді. Бүгінде ХҚК-мен бірлесіп энергетика, денсаулық сақтау, білім беру, сумен жабдықтау және көлік салаларында жеті ауқымды жоба жүзеге асырылуда, ал жалпы сомасы 2,7 триллион теңгеге 1 100-ден астам МЖӘ шарттары жасалған.

Халықаралық қаржы институттарының өкілдері Қазақстанның бастамаларын қолдауға дайын екенін білдірді. Халықаралық қаржы корпорациясының Қазақстандағы өкілі Зафар Хашимов нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге және Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін ілгерілетуге қатысты ұсыныстарын айтты.

– Азия даму банкі Қазақстанның серіктесі болып саналады және Үкіметті, оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік үшін жағдайды жақсарту жөніндегі бастамаларда қолдауға дайын. Біз МЖӘ жобаларының пулын анықтауды маңызды деп санаймыз. Бұл сенімді инвесторларды тартуға көмектесіп, қазақстандық нарықтағы бәсекелестікті күшейтуге ықпал етеді, – деп атап өтті Азия даму банкі өкілдігінің директоры Утсав Кумар.

Сондай-ақ, республикалық маңызы бар қалалардың, атап айтқанда Алматының инвестициялық жобаларға қаржыны өз бетінше тарту тетігін талқылауға ерекше назар аударылды. Үкімет өңірлердің бюджеттік дербестігін нығайту бойынша жұмыс жүргізіп жатқаны аталып өтті. Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Андрей Михнев елдің транзиттік әлеуетін күшейту маңыздылығына тоқталып, «ҚТЖ» ҰК-ның күрделі салымдар бағдарламасына қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Жиын қорытындысында Премьер-министр Үкіметтің барлық қаржы институттарымен сындарлы жұмыс істеуге ниетті екенін растады.

– Президент пен Үкімет халықаралық қаржы ұйымдарымен тиімді өзара іс-қимылға баса назар аударады. Бұл мемлекетке бюджеттік мүмкіндіктерді ұтымды пайдалана отырып, ірі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жалпы, Үкімет барлық қаржы институттарымен сындарлы жұмыс істеуге ниетті, – деп сөзін түйіндеді Олжас Бектенов.

Отырыс соңында Премьер-министр мемлекеттік органдар басшыларына қаржы институттарынан алынған қарыздардың сапалы және мақсатты жұмсалуына бақылауды күшейтуді, ал Ұлттық экономика министрлігі мен басқа да құрылымдарға барлық айтылған бастамалар мен ұсыныстарды пысықтауды тапсырды.