Баянауылда визит-орталықтың құрылысы желтоқсанда аяқталады
 
                                    Асайын Байханов Баянауылда іске асырылып жатқан туристік жобалардың барысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Баянауыл ауданына барып, келесі туристік маусымға дайындық, қажетті инфрақұрылымды дамыту және демалыс аймақтарын абаттандыруға бағытталған бірқатар маңызды жобалардың іске асырылу барысымен танысты.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жұмыс сапары аясындағы алғашқы нысан – Баянауыл ұлттық паркіндегі демалушылар ең көп баратын орындардың бірі болып саналатын Жасыбай көлінің жағажайы болды. Келесі жылдың көктемінде мұнда ауқымды абаттандыру жұмыстары басталады: санитарлық-гигиеналық тораптар, жуыну кабиналары мен киім ауыстыратын бөлмелер, сауда павильондары, арқалы отырғыштар мен шатырлары бар демалыс аймақтары, сондай-ақ балалар және спорт алаңдары орнатылады. Бұл нысандардың барлығы 3,7 га аумақта орналасады. Бұл экологиялық туризм талаптарына сай заманауи әрі жайлы демалыс аймағын қалыптастыруға мүмкіндік береді.


Одан кейін өңір басшысы Баянауыл ауылындағы Сабындыкөл көлінің жағажайы мен бақылау алаңына барды. Мұндағы жұмыстар ағымдағы жылдың сәуір айында басталып, аяқталуға жақын. Жаңартылған жағажайда арқалы отырғыштар, шатырлар, пирстер (соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да бейімделген), санитарлық-гигиеналық нысандар орнатылған. Сондай-ақ демалыс аймақтары, әткеншектер, ойын және спорт алаңдары, 80 көлікке арналған тұрақ орындары қарастырылған.

Бақылау алаңы Сабындыкөл көлі мен оны қоршап тұрған таулардың кереметтей көрінісі ашылатын биіктікте орналасқан. Мұнда шағын сәулеттік нысандар орнатылып, жаяу жүргіншілер жолдары абаттандырылды, жарықтандыру жүйесі мен туристерге арналған фото-аймақ жасалды.
Облыс әкімі туристік аймақтардағы қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударуды, сондай-ақ жаяу жүргіншілер бағыттарын жақсарту мен келушілер үшін жайлылықты арттыру бойынша қосымша шараларды қарастыруды тапсырды.

Сапар барысындағы келесі нысан – Баянауыл ауылына кіреберіс жолда салынып жатқан визит-орталық болды. Бұл нысан ауданның қалыптасып келе жатқан туристік инфрақұрылымының орталығына айналатын болады. Ғимараттың жалпы ауданы 740 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жоспарлы түрде жүріп жатыр, жұмыстарды биылғы жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.
Визит-орталықтың орны кездейсоқ таңдалған жоқ — ол аудан орталығына кіреберіс жолда, Жасыбай көліне баратын жолдың бойында орналасқан. Мұнда саяхатшылар аймақтың туристік бағыттары, киелі орындары, қызметтер мен демалыс аймақтары туралы толық ақпарат ала алады.
– Мен визит-орталықтың ғимараты табиғи ландшафтпен үйлесімді болуын тапсырған едім. Жобаның дұрыс бағытта жүзеге асып жатқанын көріп отырмыз: мұнда функционалдылық, заманауи дизайн және табиғатқа деген құрмет үйлесім тапқан, – деді Асайын Байханов.
Визит-орталықтың ішкі кеңістігі көпфункционалды болмақ: кітапхана аймағын дәріс пен семинар өткізу залына айналдыруға болады, ана мен бала бөлмелері, жайлы кофехана, өлкетану мұражайы және демалыс орындары қарастырылған. Нысанның қолжетімділігіне баса назар аударылды — орталық мүмкіндігі шектеулі туристердің қажеттіліктеріне толық бейімделген.

Визит-орталықтың тағы бір бағыты — оның цифрлық мазмұны. Мұнда Баянауыл ауданының картасы бар сенсорлы интерактивті тач-панель, мультимедиялық тақталар және 3D-проекциялар орнатылады. Келушілер аймақтың табиғи ескерткіштерімен, киелі орындарымен, археологиялық нысандарымен және көрнекті тұлғаларымен интерактивті түрде таныса алады.
Аудан әкімі Ардақ Кісентаев туристік алаңдар мен визит-орталық құру идеясы екі жыл бұрын Асайын Байхановтың бастамасымен пайда болғанын атап өтті. Бүгінде Баянауыл ауданында жалпы құны 5,4 миллиард теңгеге жеті ірі туристік жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында жағажайларды абаттандыру, бақылау алаңдарын салу, мәдени және экологиялық бағыттарды дамыту, сондай-ақ ішкі туризм инфрақұрылымын жетілдіру бар.
Өңір басшысы жаңа нысандарды салу кезінде табиғи көріністі сақтау және ландшафты шамадан тыс өзгертпеу керектігін атап өтті.
Сонымен қатар, мердігер ұйымдарға құрылыс қарқынын бәсеңдетпеуді, әрлеу жұмыстарының жоғары сапасын қамтамасыз етуді және келушілердің қауіпсіздігі мен жайлылығына ерекше назар бөлуді тапсырды.
– Баянауыл – Павлодар облысының мақтанышы әрі табиғи байлығы. Бұл жер Қазақстанның басты туристік орындарының бірі және ішкі туризмнің даму орталығына айналуы тиіс. Біздің міндетіміз – мұндағы демалыс орындарын мүмкіндігінше ыңғайлы, заманауи ету, сонымен қатар, табиғатқа зиян келтірмей, ұқыпты қарау, – деп қорытындылады Асайын Байханов.
Оның сөзінше, инфрақұрылым адамдарға қызмет етуі керек, ал табиғат өзінің табиғи күйінде қалуы тиіс. Баянауылдағы демалыс жайлы, танымдық әрі экологиялық таза болуы үшін барлық жағдайлар жасалады.
 
                         
 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
    
             
    
             
    
             
    
             
    
             
    
             
    
 
    
 
    
 
         
    
 
    
                                        
                                     
    
 
    
 
    
