Павлодарда көпшілік бостандықтағы педофилдердің фотосуреттерін көре алады
Аймақта баланың жыныстық қолсұғылмаушылығына тиіскен 25 адам бостандықта, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті әзірлеген карта туралы еске салынды. Порталды кез келген адам пайдалана алады. Онда кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың деректері жинақталған.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаментінің қылмыстық саладағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің басшысы Серік Ахметовтің айтуынша, Павлодар облысында бұрын жыныстық сипаттағы қылмыстары үшін сотталған және босатылған 25 адам тұрады.
– Олар біздің арамызда өмір сүреді, қарапайым азаматтармен көршілес тұрады және біз оларды өмірде кездестіруіміз әбден мүмкін. Олардың деректері жалпыға қолжетімді болғаны, адамдардың қорқуы үшін емес, сақтық үшін беріледі. Қайталанулар болуы мүмкін болғандықтан білген абзал, – деді Серік Ахметов.
Картада педофилдердің аты-жөні, туған жылы, тұрғылықты мекенжайы және фотосуреті сияқты толық деректері берілген. Олардың басым бөлігі Павлодарда – 11 адам, жетеуі Екібастұзда тұрады.