Баянауылдан шыққан өнегелі ұстаздар әулетінің еңбек өтілі екі ғасырға тақап қалды

Аутаевтар әулетінің бірнеше буыны өмірін түгелдей білім беру ісіне арнаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
Әулеттің тарихы жайында отбасының үлкен қызы Құралай Аутаева айтты. Оның айтуынша, әжесі Рахима Қалымовадан 1930 жылы Павлодар қаласында балабақша тәрбиешісі курсын бітіріп, меңгеруші қызметін атқарған. Сәтбаев ауылдық кеңесі мен Теңдік ауылында қарапайым халықтың сауатын ашып, білімге жетеледі. Бар болғаны 11 жылдық еңбек жолында талай жанға алғашқы білімнің алғашқы шамшырағын жақты.
Ал, атасы Қаби Жакупов Семейдегі «КомВУЗ» семинариясын тәмамдап, 1928 жылы мұғалімдік жолын бастады. Ол 18 жыл бойы математика пәнінен сабақ беріп, мектеп директоры қызметін атқарды. Шәкірттерінің жүрегіне ғылымға деген сүйіспеншілікті ұялатты.
– Ұстаздық жолды менің әкем Серік Аутаев жалғастырды. Ол 1990 жылдан бастап туған ауылындағы Сәтбаев атындағы орта мектепте 23 жыл бойы дене шынықтыру пәнінен дәріс берді. Жас ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттырды, – дейді қызы Құралай Аутаева.
Серіктің жары Сандуғаш Қабиева 35 жылдық өмірін мәдениет пен білім саласына арнады. Ол балабақша меңгерушісі, музыка және еңбек пәнінің мұғалімі, ауылдық мәдениет үйінің басшысы ретінде балаларға өнер мен ізгілікті дарытты.
– Мен әулеттің үшінші буыны – ұстаздық дәстүрдің өркен жайған кезеңінде биология пәнінің мұғалімі әрі мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары атандым. 26 жылдық тәжірибемде жүздеген шәкірттің білімге деген құштарлығын арттырып келемін, – деді ол.
Құралайдың бауыры Мұхит Аутаев – биология пәнінің білгір ұстазы. Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернаты, кейін НЗМ-де еңбек етіп, қазір де шәкірттерге ғылым сырын үйретуде. Оның педагогикалық еңбек өтілі 33 жыл.
Ал, Құралайдың екінші бауыры Ғабит Аутаев дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Қазіргі таңда туған ауылындағы Сатпаев атындағы мектепте жас ұрпаққа спорттың қыр-сырын үйретуде. Әулеттің келіні Бақыт Мұқашева – бастауыш сынып мұғалімі, педагог-психолог. Балалардың алғашқы қадамынан бастап білімге деген сүйіспеншілігін қалыптастырып жүрген ұстаз.
Әулеттің тағы бір немересі Шынарай Аутаева география пәнінің маманы. Қарағандыдағы мектептер мен университетте еңбек етіп, өз білімін шәкірттеріне арнаған.
– Менің келінім Мейіз Нұртай ағылшын тілінен сабақ береді. Ол заманауи әдістемелерді меңгеріп, жаңа буынға әлемдік тілдерді үйретіп жүрген ізденімпаз ұстаз. Міне, осылайша біздің бір үлкен әулетіміздің төрт буыны үздіксіз жалғасып, ұстаздық жолды өмірлік серік еттік. Әулеттің жалпы педагогикалық еңбек өтілі бүгінде 193 жылға жетіп отыр. Бұл бір әулеттің тарихы ғана емес, тұтас елдің білім саласындағы үлкен мақтанышы, – деді Құралай Аутаева.
Аутаевтар әулеті – білімге деген құрмет пен ұрпаққа деген жауапкершілікті ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап келе жатқан ұстаздар әулеті. Олардың әрқайсысының еңбегі жас буынға тағылым болып, ұстаздықтың ұлы жолының мәңгілік құндылық екенін дәлелдейді.