Павлодарда карьерден заңсыз топырақ қазған жүргізушілер ұсталды
Құқықбұзушылық «Браконьер» профилактикалық іс-шарасы барысында анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасымен бірлесіп, пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру фактісін анықтады.
Оқиға Жетекші ауылы маңындағы Шығыс өнеркәсіптік аймағында болған. Полицейлер карьерден рұқсатсыз топырақ қазып алған КамАЗ жүк көлігі мен тиегіш техникасының жүргізушілерін ұстады.
– Құқықбұзушыларға қатысты жиналған материалдар тиісті шешім қабылдау үшін Павлодар облысының Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасына жолданды, – деді облыстық ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев.
Аталған факті бойынша жүргізушілерге қатысты қандай шара қолданылатыны құзырлы органның қарауынан кейін белгілі болады.
