Екібастұзда оқушылар жасанды интеллект пен ғарышты зерттеп жатыр
Планетарийлерде жазғы демалыстың екінші маусымына арналған жаңа жоба басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз өңірінде жазғы демалыстың екінші маусымы басталып, оқушылар үшін «Жасанды интеллект пен ғарыш: болашаққа саяхат» атты тақырыптық күндер ұйымдастырылды.
Жоба аясында балалар ғарыш әлемі туралы тың мәліметтермен танысып, жасанды интеллект технологияларының мүмкіндіктерін зерттеп, интерактивті бағдарламаларға қатысуда.
Білім беру ұйымдарының планетарийлерінде өтіп жатқан іс-шаралар ғылымға қызығушылықты арттыруға және оқушыларды заманауи цифрлық технологиялармен таныстыруға бағытталған.
Жазғы науқанның алғашқы маусымында Екібастұз өңірінде 11 893 оқушы демалыс, сауықтыру және жұмыспен қамту бағдарламаларымен қамтылды. Олар тілдік, экологиялық, спорттық және бейіндік лагерьлерге қатысып, шығармашылық шеберханалар мен IT-алаңдарда өз қабілеттерін шыңдады.
Екінші маусымда да оқушылар үшін ғылымға қызығушылықты арттыратын, шығармашылық ізденіске баулитын және болашақ мамандықтарымен таныстыратын жобалар жалғасады.