Павлодарлық оқушылар кезекті республикалық байқауда бақ сынайды
Биыл байқауға 200-ден астам оқушы қатысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығының мәліметінше, 19 қыркүйек күні 2-7 сынып оқушылары арасында «Зерде» республикалық зерттеу жобалары конкурсының қалалық кезеңі өтеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау дарынды және талантты жас зерттеушілерді іріктеу мен оларды қолдау және еліміздің зияткерлік әлеуетін қалыптастыруды көздейді.
– Биыл байқауға қаланың 43 мектебінен 230 оқушы қатысады. Конкурс қатысушылары математикалық теңдіктер құпияларын ашып, кристаллдардың қасиеттері мен энергия сақтау тәсілдерін зерттеп, қоршаған орта мәселелерін шешу әдістерін ұсынады. Өз жұмыстарында балалар сәндік-қолданбалы өнердің ғажайып әлемімен, ұлттық салт-дәстүрлерімен, тіл және әдебиетімен таныстырады, қарқынды өлкетану жұмысын жүргізеді, – деді олар.
Зерттеу жұмыстары 12 секция бойынша қорғалады: қазақ тілі мен әдебиеті; орыс тілі мен әдебиеті; ағылшын тілі; математика, қолданбалы математика; физика, космос; туризм және спорт, тарих, өлкетану; этномәдениеттану; химия, биология; медицина, психология, экология; информатика, робототехника STEM инженерия; технология және өнер.
Байқау Ворушин көшесі, 6/2 мекенжайы бойынша орналасқан Ж. Тәшенев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде өтеді.
Конкурс бағдарламасы:
- 12:00 – 12:45 – мектеп фойесінде қатысушыларды тіркеу;
- 12:45 – 13:00 – қатысушыларды кабинеттерге отырғызу;
- 13:00 – 17:00 – секциялар бойынша конкурстық жұмыстар мен жобаларды қорғау.
20 қыркүйек:
- 12:00 – 13:00 – байқаудың салтанатты жабылуы.
Қалалық кезеңнің І және ІІ орын иегерлері конкурстың облыстық іріктеу кезеңіне ағымдағы жылдың қазан айында қатысады.