Павлодарлықтар республикалық хакатонда үздік үштікке енді

Павлодарлықтар республикалық хакатонда үздік үштікке енді
Фото: Ақпараттық технологиялар колледжінің баспасөз қызметі

Колледж студенттері жұмыс іздеуге арналған инновациялық қосымша әзірлеп, жүлделі орынға ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарлық жас IT мамандары Марғұлан университетінде өткен «Kuickhack’25» республикалық хакатонында өздерінің креативті идеяларымен көзге түсті. Бизнестің өзекті мәселелеріне инновациялық шешімдер ұсынуға бағытталған байқауға еліміздің 13 қаласынан 118 команда қатысты.

Ақпараттық технологиялар колледжінің 2-курс студенттері Жапар Жігер, Аристид Попандопуло, Әділ Төлеубаев және Бараат Кахималаев «GOODBALALAR» командасы атынан сынға түсіп, жұмыс іздеу процесін жеңілдететін «JobBlazeAI» атты кросс-платформалы қосымшаны ұсынды.

– Мысалы, біздің қосымшада бос жұмыс орындарын таңдау толығымен автоматтандырылған. Жұмыс іздеуші әрбір бос орынға жеке жауап берудің орнына, бір ғана батырма арқылы барлығына жауап бере алады. Яғни, адам өз түйіндемесін жүктейді, соның негізінде қолайлы бос орындар іріктеліп, «автожауап беру» функциясы арқылы автоматты түрде өтінім жіберіледі, – дейді Жапар Жігер.

Сонымен қатар, JobBlazeAI-ға дауыстық жасанды интеллект негізіндегі сұхбат агенті кіріктірілген. Бұл функция жұмысқа қабылдау алдындағы қобалжуды жеңілдетуге көмектеседі. Қосымша түйіндемені талдап, сұрақтар әзірлейді және дайындық сұхбатын өткізеді.

Қосымша жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланады. Мысалы, пайдаланушы таңдаған вакансия негізінде болашақ мансаптық өсу жолдарын болжай алады, әртүрлі елдердегі жалақы деңгейін салыстыра алады және бос жұмыс орындарының халықаралық картасын көре алады. Сондай-ақ, нейрожеліге сұрау салу арқылы түйіндеме жасауға мүмкіндік беретін «резюме-билдер» құралы да бар.

JobBlazeAI-дың ең инновациялық бөлігі – толықтырылған шындық технологиясын қолдана отырып, жұмыс іздеу мүмкіндігі.

– Көшеде келе жатып, камераны ғимаратқа бағыттасаңыз, сол жерде орналасқан ұйымдардағы бос жұмыс орындарының тізімін көре аласыз. Қосымшада бұл функция сынақ режимінде болса да, қазірдің өзінде жұмыс істейді. Біз толықтырылған шындық арқылы жұмыс іздеу мүмкіндігін жүзеге асырдық, – дейді Аристид Попандопуло.

Жас әзірлеушілер бұл қосымшаның болашағы зор екеніне сенімді және оны одан әрі жетілдіріп, ілгерілету жұмыстарын жалғастыруда.