«Екібастұз жылу желілеріне» қатысты әкімшілік іс қозғалды

Тұтынушының сұранысы бойынша кәсіпорынға сатып алуды жүзеге асыру тәртібін сақтау бөлігінде жоспардан тыс тексеру жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оған «ВИТМАКС» ЖШС-нің өтініші себеп болған. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті «Екібастұз жылу желілері» ЖШС-нің қажеттіліктеріне өткізілген сатып алулардың заңдылығы мәселесі бойынша қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізді.
Нәтижесінде ҚР «Табиғи монополиялар туралы» Заңының 26-бабының 2-тармағының 18-тармақшасының, табиғи монополия субъектілерінің қызметін жүзеге асыру ережелерінің 129-тармағының 2-тармақшасының, 152, 185-1, 187-тармақтарының талаптарының бұзылуы анықталды. Атап айтқанда, табиғи монополия субъектісінің сатып алу процедурасын бұзған.
– Осыған байланысты «Екібастұз жылу желілері» АҚ-ға қатысты «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 164-бабының 4-бөлігіне сәйкес қысқартылған тәртіппен әкімшілік айыппұл салумен әкімшілік іс қозғалды, – деп жазылған ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті Павлодар облысы бойынша департаментінің хабарламасында.
Сонымен қатар, департамент өткізілген сатып алу нәтижесінің күшін жою және қайта сатып алуды өткізу туралы ұйғарым енгізді.