Екібастұзда есірткі қылмысына қарсы ауқымды акция өтті

Екібастұзда есірткі қылмысына қарсы ауқымды акция өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қоғамдық орындардағы есірткі жарнамасы бар жазулар боялды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы мен «Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі жол картасы» аясында Екібастұз қаласында «Нашақорлық, алаяқтық пен зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» атты акция ұйымдастырылды.

Қала тұрғындарына есірткі қылмысына, алаяқтыққа және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы қабылданып жатқан шаралар туралы Павлодар облысының прокуроры мен полиция департаментінің бастығы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Акцияға еріктілер, жастар ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктер қатысты.

Олардың ең белсенді өкілдері полиция департаменті жанындағы алдын алу кеңесіне енгізілді.

Іс-шара барысында «SOS» мобильдік түймесінің, арнайы техниканың және бет-әлпетті тану функциясы бар жедел бейнебақылау жүйесінің техникалық мүмкіндіктері көрсетілді.

Жастарды салауатты өмір салтына тарту және жасөспірімдер арасында құқықбұзушылыққа «нөлдік төзімділік» идеясын ілгерілету мақсатында спорттық жарыстар мен тақырыптық флешмобтар өткізілді. Сонымен қатар, қоғамдық орындардағы есірткі жарнамасы бар жазулар боялды.

Облыс прокуроры Берік Жүйріктаевтың айтуынша, алдын алу шараларындағы басты басымдықтардың бірі – халық арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру.

Сондай-ақ, ол барлық азаматтарды белсенді азаматтық ұстаным танытуға және кез келген жағымсыз көріністерге бейжай қарамауға шақырды.