Екібастұзда тіл жанашырлары марапатталды

Екібастұзда тіл жанашырлары марапатталды
Фото: Екібастұз қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі

«Өнер» мәдениет сарайында 2024 жылғы тілдерді дамыту бойынша атқарылған жұмысты қорытындылауға арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екібастұз қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын, тіл бағдарламаларын іске асыру бойынша жыл басынан жоспарлар әзірлеп, жұмыс жүргізіп келеді.

«Менің тілім – ұлы дала рухы» қалалық байқауы аясында атаулы жиында Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиева өңіріміздегі мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосып жүрген тіл жанашырларын Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің атынан түрлі номинациялармен, Құрмет грамоталары және Алғыс хаттармен марапаттады.

Салтанатты шарада кәсіпорында жұмыс істейтін қызметкерлердің арасында сайыс ұйымдастырылды. Байқауға «Богатырь Көмір» ЖШС, Болат Нұржанов атындағы «Екібастұз МАЭС – 1» ЖШС, «Екібастұз МАЭС – 2 станциясы» АҚ-нан этнос өкілдерінен құралған командалар қатысып, мемлекеттік тілді айтарлықтай меңгергенін көрсетті әрі өз өнерлерін паш етті. 

Мерекелік кештің соңы концерттік бағдарламамен ұласып, көрермендерге «Атамұра» мәдениет орталығы және қалалық Достық үйінің өнерпаздары әсем әндерін тарту етіп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.