Павлодарлықтар «әдемі» нөмірлерге 500 миллионнан астам теңге жұмсады
Өңірде 2025 жылы мемлекеттік қызметтерді алу қарқыны жоғары деңгейде сақталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Азаматтарға арналған үкімет КЕАҚ өңірлік филиалының мәліметінше, тұрғындар арасында ең сұранысқа ие қызметтердің бірі – автокөліктерді тіркеу және жүргізуші куәліктерін алу.
Жыл қорытындысы бойынша Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 566 мыңнан астам дәстүрлі қызмет көрсетілсе, тағы 486 мыңнан астамы өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы алынған. Сондай-ақ 133 мыңнан астам жеке куәлік пен паспорт, 23 мыңнан астам жүргізуші куәлігі берілді.
Филиал директорының міндетін атқарушы Алтай Қайдаровтың айтуынша, цифрлық сервистердің үлесі жылдан жылға артып келеді.
– Бүгінде азаматтар қызметтердің басым бөлігін онлайн немесе өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында алады. Әсіресе, автокөлікті қайта тіркеу қызметі екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы кеңінен қолданысқа ие болды, – деді спикер.
Өңірде автокөліктерді қайта тіркеу де белсенді жүргізілген. Барлығы 108 мыңнан астам көлік банктер мен электрондық үкімет порталы арқылы қайта тіркелді.
Сонымен қатар павлодарлықтар «әдемі» мемлекеттік нөмірлерге айтарлықтай қаражат жұмсаған.
– 2025 жылы өңір тұрғындары сұранысқа ие VIP-нөмірлерге 521 миллион теңгеден астам қаржы жұмсады., – деп атап өтті Алтай Қайдаров. – Әлеуметтік бағыттағы қызметтер де назардан тыс қалған жоқ. Жыл ішінде 131 мыңнан астам қызмет көрсетіліп, оның ішінде зейнетақы, жәрдемақы және әлеуметтік төлемдер рәсімделген. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар азаматтар мен ардагерлер үшін 1 400-ден астам қызмет үй жағдайында көрсетілді.
Бұдан бөлек, өңірде қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында бірқатар жаңашылдық енгізілді. Павлодар қаласында SUPER ХҚКО ашылып, онда бірнеше мемлекеттік және сервистік ұйымдар бір ғимаратта біріктірілген. Ал дайын құжаттарды тәулік бойы алуға мүмкіндік беретін постаматтар мен үйге жеткізу қызметі пилоттық режимде іске қосылды.
2026 жылы өңірде цифрлық кеңсе ашу жоспарланып отыр. Бұл азаматтарға қызметтерді толықтай өз бетінше алуға мүмкіндік бермек.