«Ертіс орманы» резерватының тұқымбағынан қарағай көшеттері қазып алынуда
Олар өрттен және табиғи факторлардан зардап шеккен аумақтарға отырғызылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының мәлімдеуінше, Қазақстан Республикасы Президентінің елді ауқымды көгалдандыру жөніндегі тапсырмасы аясында 2 миллиард ағаш отырғызу жоспарлануда.
Бұл бастаманы жүзеге асыруға «Ертіс орманы» резерваты да өз үлесін қосуда. Бүгінде орманды қалпына келтіру жұмыстарының маңызды кезеңі — орман тұқымбағында қарағай көшеттерін қазу жұмыстары басталды.
– Мамандар тұқымбақтан қазып алған көшеттерді мұқият іріктеп, оларды өрттен және табиғи факторлардан зардап шеккен аумақтарға отырғызуға дайындайды. Бұл - жасыл табиғатты қорғау жолында жасалып жатқан ең маңызды жұмыстардың бірі. Мәселен, 2025 жылы тұқымбақтан 13 миллион 767 мың көшет қазып алынып, қажетті жерлерге отырғызылған болатын. Қәзіргі уақыта мамандар тұқым көшеттерін қазып алу жұмысын атқаруда, - деді табиғатты пайдалану және табиғи кешендерді қайта жаңғырту бөлімінің басшысы Мұрат Ташимов.
Бөлім басшысының айтуынша, қазып алу жұмысымен 100-ден астам маман айналысуда. Олар жоғары өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету үшін барлық агротехникалық талаптарды сақтай отырып, тұқым көшеттерін биыл Шалдай мен Бесқарағайдағы орман филиалдарына отырғызу көзделуде.

Резерваттағылар орманды қалпына келтіру — бұл тек ағаш отырғызу емес, ел болашағына қосқан үлес, биоалуантүрлілікті сақтау және экологиялық жағдайды жақсарту екенін атап өтті.
Табиғатты қорғау — баршамыздың ортақ міндетіміз!