Павлодарлық полицейлер жолда көлігі бұзылған такси жүргізушісіне көмек көрсетті
Елорда тұрғыны мен оның төрт жолаушысы бір сағатқа жуық суықта тұрған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қызмет инспекторлары кіші лейтенанттар Қуан Тілеубергенов пен Сартай Асқар түнгі уақытта Павлодар-Астана автожолында патрульдеу кезінде Достық ауылының жанында жол шетінде тұрған Хюндай Старикс маркалы автокөлікті байқап, тоқтады.
Көліктің жүргізушісі елорда тұрғыны тас жол ашылғаннан кейін үйіне оралмақшы болғанда, қайтарда төрт жолаушыны алғанын айтты. Алайда антифриз таусылып, көлік тоқтап қалды.
Сондай-ақ, ол жолда бір сағатқа жуық уақыт тұрғанын, көліктер өтпегенін айтты.
Полиция қызметкерлері көлікті тексеріп, бұзылуға не себеп болғанын анықтап, жолаушыларды қызметтік көлікке отырғызып, ыстық шай берді. Кейін Астана қаласына бара жатқан жолаушылар көлігі тоқтатылып, тұрғындар оған отырды.
Содан кейін полицейлер эвакуаторды шақырып, сынған көлікті тиеп, жүргізушімен бірге үйлеріне жіберді.
Ал жүргізуші мен жолаушылар өз кезегінде полицейлерге ризашылықтарын білдірді.
– Ықыластық білдіргені үшін полицияға көп рахмет. Егер инспектор болмаса, көмекті қанша күтуге тура келетінін білмеймін де. Оларға өз міндеттерін орындап қана қоймай, қылмыстарды ашатындары үшін, сондай-ақ, осындай қиын жағдайларда адамдарға көмектескені үшін алғыс айтамын. Біздің көлік бұзылды. Жігіттерге зор денсаулық пен қызметте сәттілік тілеймін, – деп ризашылығын білдірді елорда тұрғыны.
Павлодар облысының полиция департаменті жүргізушілерге алдын ала, әсіресе қыста автокөлікке тиісті техникалық қызмет көрсетуді мұқият жүргізуді, алдын ала қажетті отын қорымен қамдануды ұсынады.