«Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі: Президент құжатқа қол қойды

«Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі: Президент құжатқа қол қойды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Әрбір ата-ана енді балаларының атына банк немесе өмірді сақтандыру компаниясында есепшот ашып, білім алу үшін қаржы жинақтай алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Akorda.kz ресми сайтында жарияланғандай, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі, ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

Түзетулердің бірінші блогы мемлекет тарапынан бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы және инвестициялық табыс қарастырылады. Сонымен қатар, бес жастан асқан балаларды қамтитын «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізіледі.

Біржолғы бастапқы білім беру капиталы 2025 жылы және одан кейінгі жылдары 5 жасқа толатын балаларға төленеді. Оның мөлшері Ғылым және жоғары білім министрлігі бекітетін бастапқы білім беру капиталын есептеу, пайдалану және қайтару қағидаларына сай есептеледі.

– Осылайша, бала 5 жасқа толғанда оның есепшотына мемлекеттен бастапқы бір реттік білім беру капиталы түседі: барлық балалар үшін 60 АЕК (шамамен 230 мың теңге), ал ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үшін 120 АЕК (шамамен 470 мың теңге), – деп түсіндірді «AMANAT» партиясының баспасөз орталығы.

«Келешек» жүйесі арқылы жыл сайын 5% мемлекеттік сыйлықақы, ал әлеуметтік осал топтарға жататын балалар үшін 7% сыйлықақы ұсынылады. Бұл қолданыстағы Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесімен бірігіп, баланың болашағы үшін қаржы жинауға мүмкіндік береді. Жинақталған қаражатты техникалық және кәсіптік білім алу, орта мектепті аяқтағаннан кейін жоғары білім алу, жоғары оқу орнынан кейін білімін жетілдіру, сондай-ақ тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пайдалану жоспарланған. Сонымен қатар, бағдарлама шетелде оқу үшін де осы қаражатты қолдануға мүмкіндік береді.

Тиісті тапсырманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы Қазақстан халқына Жолдауында жариялаған болатын.