Халықтық штаб павлодарлық жастарды АЭС салу туралы бастамасын қолдауға шақырды
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жастармен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Штаб мүшелері Жастар бастамаларын дамыту орталығында өңірдің белсенді жастарымен кездесті. Сенат Төрағасы жас буынды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін тілге тиек етіп, осы саладағы реформалардың мәніне назар аударды. Палата спикері ел болашағына ықпал ететін мәселе күн тәртібіне шығарылған референдумға жастардың белсенді қатысуы маңызды рөл атқаратынын айтты.
– Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайту жолында өз атом электр стансасын салу мәселесі өте өзекті.Мұндай жоба мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ еліміздің электр энергиясының импортына тәуелділікті азайту бағытына да мультипликативті әсер етеді. Мұндай қадам жоғары білікті мамандар даярлауға, Қазақстан экономикасының инновация мен ғылымды қажет етуін арттыруға да тың серпін беретіні анық, – деді Мәулен Әшімбаев.
Ал «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова АЭС арқылы жас ғалымдар жаһандық ғылыми қоғамдастықтың бір бөлігіне айналып, өздерінің өршіл инновациялық жобаларын жүзеге асыра алатынына тоқталды. Оның айтуынша, АЭС оңтүстік өңірлерде инфрақұрылым мен әлеуметтік бағдарламаларды дамытудың катализаторы болады. Бұл дегеніміз, жастар тек жұмыс тауып қана қоймай, дамыған және жайлы жағдайда өмір сүреді, сапалы білім алып, спортпен шұғылдана алады деген сөз. Осылайша, атом станциясы тек энергия көзі ғана емес, сонымен бірге жас ұрпақ үшін қуатты прогрестің қозғаушы күші болмақ.