Омбы қазақтары Наурыз мейрамын қалай атап өтеді?
Көршілес Ресей аймағында көктемгі мереке 2000 жылдан бері тойланып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Омбының тұрғыны Салтанат Мұсайбекова бірнеше рет қала ішінде Наурыз мейрамын ұйымдастырған. Оның айтуынша, биыл көктемнің басы Рамазан айымен тұспа-тұс келді, сондықтан мереке сәуір айына ауыстырылды.
– Биыл біз Наурызды өткізу ретін өзгерттік, үлкен концертпен ғана шектелеміз, ал облыс аудандарында жаппай тойлау өтеді, – деді ол. – 14 сәуірде бізге Петропавлдан Сәбит Мұқанов атындағы драма театрының әртістері қонаққа келеді. «Қош келдің, Наурыз» атты мерекеге «Омбы қазақтары» қоғамдық ұйымының шығармашылық ұжымдары да қатысады.
«Рубин» мәдени үйінің сахнасында келетін қонақтармен бірге «Тұран» би театры, «Мирас» домбыра студиясы, «Арай» және «Ақсәуле» вокалдық студиялары өнер көрсетеді. Фойеде жергілікті қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі қойылып, мәдениет үйінің алдындағы алаңда балаларға арналған іс-шаралар өтеді деп жоспарлануда.
Салтанат Мұсайбекованың айтуынша, Омбыда Наурыз мерекесіне өңірде тұратын басқа да түркі тілдес халықтары қатысады: өзбектер, әзірбайжандар, татарлар.
Қазақтардың диаспорасы Таврия ауданында да үлкен мереке ұйымдастырады. Наурызды әнмен ғана қарсы алмай, мейрамның тарихи құндылығын еске алады.
«Достық» қазақ орталығының басшысы Нағима Тасинаның сөзінше, 2000 жылы қоғамдық өңірлік ұйымдар аз болған кезде «археология және этнография институты» филиалының өкілдері Наурыз мерекесі жайлы тарихи деректермен, ұлттық киімінің ерекшеліктері туралы мағлұматтармен бөліскен еді.
– Наурызды жыл сайын атап өтеміз, бірақ бізге басқа аудандар келгенде ауқымды түрде тойлаймыз, – деп атап өтті Нағима Тасина. – Қоянбай ауылындағы осындай іс-шаралардың бірінде Омбы облысының 17 муниципалды ауданы қонаққа келген болатын. Ол кезде тойлау бағдарламасы екі күнге созылады. Киіз үйлер орнатылып, спорттық жарыстар, конкурстар, ұлттық ойындар, көрмелер ұйымдастырылады.
Ауылда таң атпастан қазақтың әндері шырқалады, ал ауыл тұрғындары бір-біріне бауырсақ, наурыз көжеден дәм татқызып, бір-біріне бейбітшілік пен амандық тілейді. Таврия ауданында Наурызды 12 сәуірде атап өтеді. Гала-концертте алтын тойын атап өткен ерлі-зайыптылар, сондай-ақ мерейтой иелері марапатталады. Айта кетейік, ауыл ақсақалдарының бірі биыл 95 жасқа толды.
Омбы облысында жүз мыңға жуық қазақ тұрады, олардың негізгі бөлігі — қала тұрғындары. Олар қазақ мәдениеті мен дәстүрлерін сақтап қалуға көп көңіл бөледі.
Фото: Салтанат Мұсайбекова ұсынды