Павлодарлық психолог: Жаңа ыдысты қонаққа деп тығып қоюға болмайды
@Pavlodarnews.kz тілшісі өмірді кейінге қалдыру синдромының теріс тұстарын біліп көрді.
Павлодар қаласының № 25 мектебінің педагог-психологі, «Үздік психолог – 2024» республикалық байқауының жеңімпазы Жанар Ордабаева кейінге қалдырылған өмір синдромына шалдыққан адамдардың портретін жасады.
– Олар өмірді өзгерте алатын қандай да бір жағдайларды күтіп, алдамшы оймен өмір сүреді. Яғни, дәл қазіргі сәттегі өмірді қабылдамай, тек болашақтағы бұлыңғыр елестің жетегінде жүреді. Бұл синдром адамдардың басым бөлігінде кездеседі. Оны күнделікті өмірде өзіне уәде беріп, бірақ орындамай жүрген адамдардан байқауға болады, – деді Жанар Ордабаева.
Синдром несімен қауіпті?
Психолог бүгінгі өміріне көңілі толмай, бір жұмысты тындыру керек еді деп, бұл іске кірісуге ойша жорамал жасап қойып, ыңғайлы жағдайды тосып отыратын қаншама адам бар екенін айтты.
– Ең қауіптісі – бұл жоспардың орындалу уақыты келмеуі де мүмкін. Жалпы мамандардың пікірінше, бұл синдромға шалдыққан адамдардың басты проблемасы – өзіне жауапкершілікті алып, өздігінен шешім қабылдай алмауында. Сондықтан олар үшін сынақтардан өтіп, өзін қамшылау ерік-жігерін қолға алу қиынға соғады, – деді Жанар Ордабаева.
Неліктен өмірді кейінге қалдырған адамдар өмірден ләззат ала алмайды?
– Жаңа киім болса, соны тек тойға киіп, күнделікті күнде киюге қимайды. Не болмаса күшті ыдысы болса, қонақ келгенде ғана дастарханға қояды. Өзіне алған затын рахаттанып пайдалана алмайды, – деп атап өтті психолог.
Синдромы бар адамдар үнемі өзіне көңілі толмай жүреді, жетістіктерін байқай алмайды, басқаның пікіріне тәуелді болып келеді.
– Өмірді кейінге қалдырудың ең үлкен белгісі – үнемі бала позициясын ұстану. Мұндай жағдайда олар көбіне айналадағы адамдарды кінәлауға құмар. Яғни, өз өміріне басшы болуға, оны қолға алып, басқаруға батылы жетпейді. Өміріне өзгеріс әкелуге ұмтылу үшін әрекетке көшіп, мақсатқа бет бұру үшін оларға үнемі бірдеңе жетпей тұрады, – деп атап өтті Жанар Ордабаева.
Синдромның теріс тұстары қандай?
Психологтың айтуынша, синдром неврозға айналып кетуі әбден мүмкін.
– Адам өзінің өмірлік жоспарларын қолға алмай, ұзақ жылдар жүріп қалады. Болашақтан зор үміт күтеді. Бір күні өзінің миында қалыптасқан қамалды бұза алмайтынына көзі жетеді де, өмір бойы күткен жағдайдың тумайтынын түсінеді. Уақытын өткізіп алғанына, күндерді текке өткізгеніне реніш туындайды. Өкініш өзегін өртеп жатады. Осының барлығы оның психикасына әсер етпей қоймайды, – деді ол.
Дәл қазіргі сәтте қалай өмір сүруге болады?
– Өмірден түңіліп кетпегендей, содан арыламын деген адам мүмкіндік болса, маманмен жұмыс істесе дұрыс болар еді. Егер ондай мүмкіндік болмаса, өз бетінше әрекеттенуге болады. Ең біріншіден, нақты мақсат қою керек. Оған жету жолдарын жоспарлап қою қажет. Әрбір жетістігін, маңыздылығын байқай білу маңызды. Себебі, синдромға шалдыққан адамдар өздерін құнсыздандыруды жақсы көреді. Сондықтан да әрбір талпынысты байқауға назар аудару керек,– деді Жанар Ордабаева.
Психолог жетістіктерді есте сақтау үшін күнделік жүргізуге кеңес береді. Қойған мақсатын нақты күнмен жазып отыру пайдалы болады.
– Адам қолындағы барына, өзінің мақсатқа жеткеніне рахаттану, қуану қажет. Ол дәл қазіргі уақытта бақытты екенін сезіну керек,– деді маман.
Оның сөзінше, қолмен жазылған мақсат пен жетістіктердің тізімі ойда қалады. Бұл өз кезегінде мидың іске кірісіп жатқаны деген сөз. Кейіннен осындай нақты жоспарлар адамды тәртіпке үйретеді.