Ораза айт: Павлодарлық тұрғын қойды 160 рет көтеріп, ұтып алды
Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің ауласында қала тұрғындары Ораза айт мерекесін атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ораза айттың бірінші күні қалалық «Ақмешіт», «Ғазиз», «Әбу Бәкір Сыддық», «Бижан», «Ар-Рахман», «Умар әл-фаруқ» мешіттері орталық мешітпен бірлесіп, мерекелік шаралар ұйымдастырды.
«Айт құтты болсын!» атты рухани-спорттық шаралар жұма намазынан кейін сағат 14:00-де басталды.
– Жылда Ораза айтта осындай шаралар өткізіп тұрамыз. Балаларға сұрақ-жауап ойындары өткізіліп, Құран сүрелерін айтқан балаларға сыйлық берілуде. Жылда күрес болатын. Биыл күн салқын болғандықтан, орнына қой көтеруді қостық. Оған қоса, қол күрес, гір тасын көтеру, садақ ату, арқан тарту спорттық жарыстары өтуде, – деді Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің аппарат жетекшісі Қуанышбек Әбуталапұлы.
Жігіттер арасында қойды 160 рет көтерген Әбдіманап Байгенжеев сол қойды ұтып алды. Ол еркін күрестен Қазақстан чемпионатының және халықаралық жарыстардың жүлдегері.
Қала тұрғыны Ғайни Әбілжанова мешіт ауласындағы шараға жиен немересін ертіп келген.
– Жиенім көзімен көріп өссін, өзінің мұсылман екенін сезінсін деп бүгінгі мерекелік шараларға ертіп келдім. Өзіміз ел қатарлы жылда Айт мерекесін тойлаймыз. Туысқандарға барамыз. Ертең Ленин кентіне туысқанымыздың үйіне айтшылап бармақпыз. Шаралар өте қызықты өтіп жатыр. Жиенім үйге қайтқысы келмей тұр. Ораза ұстағандардың оразасы қабыл болып, баршаға Ораза айт мерекесі құтты болсын! – деді Ғайни Әбілжанова.
Шара барысында жиналғандар мешіт ауласында 17 қазан палау, 5 мың литр минералды су және 5 мың бөлке ақ наннан дәм татты.
Сондай-ақ «Әйел-қыздар секторы» ұйымдастыруымен дәстүрлі «Қайырымдылық жәрмеңкесі» де өтті.
Фото: Оразбек Саяхат және Мәшһүр Жүсіп орталық мештінің баспасөз қызметі