Павлодар ауданында атақты шипагердің мерейтойы аталып өтті
Көзі тірісінде-ақ аңызға айналған, шипалы қолымен мыңдаған адамның дертіне дауа берген Үміт Субатылова көзі тірісінде жүз жасқа толар еді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
22 маусым – көпшілік арасында Үміт апа деп аталып кеткен Қазақстанға ғана емес, одан тысқары жерлерге де танымал емшінің туған күні.
Оған Ресей, Германия, Моңғолия және басқа да елдерден адамдар ем іздеп келген. Емші ауыр дертпен, бедеулікпен күресуге көмектескен, тіпті, аян түстер көріп, болашақты болжай білген. Оның бойындағы бұл қасиеттер анасынан дарып, қызына да мұра болып қалған.
2018 жылы Үміт апаның кұрметіне Павлодар ауданының Березовка ауылының атауы өзгертілді. Ұлы емшіге құрмет көрсетуге 120-ға жуық адам жиналды. Ауыл тұрғындары шипагер бейітінің жанында Құран оқып, мешітте өлке тарихына қосқан үлесін еске алды. Мереке арнаумен басталып, шоу-бағдарламамен жалғасты. Құттықтау үшін Павлодар ауданының әкімі Николай Дычко да келді.
– Үміт апаның алдынан көп адам өтті. Ем алу үшін Қазақстаннан ғана емес, басқа елдерден де адамдар келді. Ол жаһандық масштабтағы тұлға десе болады. Ал осында отырғандар үшін бұл – үлкен бақыт, – деді әкім.
Емшінің қызы Бақыт Тамарғалиева анасын еске алған ауыл тұрғындарына алғысын білдірді.
– Мектепте мүлдем білім алмаған кішкентай әрі нәзік анамыз қаншама адамды басқара алатын. Ол жиырма жыл бойы адамдарды емдеді. Түнде барлығы ұйықтап жатқанда ауыл тұрғындарын таңғы сағат бірден төртке дейін қабылдап, екі сағат қана ұйықтайтын, – деп еске алды Бақыт Тамарғалиева.
Мерекеге Омбы облысының Полтавка ауылынан да қонақтар шақырылды. Олардың бірі 1996 жылы емшіден ем алған.
– Ол кезде менің ұлым 12 жаста еді, мен қатты ауырдым. Осы жерде емделіп жүргенде қазақ мәдениетіне бірте-бірте жақындай түстік. Ұлым қазақ тілін үйренуге кірісті, өзі үшін қазақша-орысша сөздік жазды, – дейді Галина. – Мені емдеген Үміт апаға алғысым шексіз. Бұрын адамдардың мұндай қабілеттеріне сенбейтін едім.
Бірде түсінде мешіттің құрылысын көрген Үміт апа ауылдастары мен туыстарын мешіт салуға шақырады. Осылайша 1993 жылы ғибадатхананы тұрғызуға ауыл тұрғындары атсалысады, құрылыс материалдарын жинайды.
Үміт апа ауылдық мешітінің имамы Имам Ермұрат Хасенұлының айтуынша, бүгінде құрылысты кесене ету жоспарланып отыр. Үлкен залға кіре берісте бұрышта емшінің жеке заттары – зергерлік бұйымдары, киімдері мен кітаптары бар мұражай орналасқан.
– Мен Үміт апаға алғаш адам қабылдай бастағанда келдім. Қатты ішім ауырып келгенімде уайымдаудың қажеті жоқ екенін айтты. Ол әрқашан шындықты тікелей айтатын. Бірде әкемді алып келдім. Бірақ емдеуге күші жетпейтінін, кеш әкелгенімізді айтты. Адамдарға қызмет көрсетуден бас тартпайтын және барлығына көмектесуге тырысатын. Мен Үміт апаға өте ризамын, – деді Павлодар ауданы ардагерлер одағының мүшесі Роза Шагирова.
Ауыл тұрғындары Үміт Субатылова сұлу, ақ жүзді, өте жомарт, шешен әйел болғанын айтып,жиі еске алады.