Павлодарда нәзік жанды аруларға арнап концерт қойылды

Әйелдер қауымын облыс әкімі Асайын Байханов құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мерекелік кеш Естай атындағы мәдениет сарайында өтті. Өзінің құттықтау сөзінде Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов әйелдердің өмірдегі рөлін, өңір мен еліміздің дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.
- Баршаңызды көктемнің шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аналарымыз бен аруларымыздың алаңсыз өмірі – ұлтымыздың жарқын болашағының кепілі деп атап өтті. Бүгін де қасиетті Ертіс-Баян өңірінің әйелдері барлық салада аянбай еңбек етіп, толағай жетістіктермен қуантуда. Ал Мемлекет басшысы бастамашылық еткен Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында сіздерді ұлықтауды аса үлкен мәртебе деп санаймыз. Сондықтан мерейлі мерекеде адал еңбектеріңіз үшін бас иіп, шынайы алғысымызды білдіреміз, - деді облыс әкімі.
Сахнаға еңбекте және қоғамдық өмірде ерекше көзге түскен әйелдер шақырылды. «ГСУ Құрылыс» ЖШС машинисі Галина Толстокорова Асайын Байхановтың қолынан «Құрмет» орденін алды.
- Мен кранда 18 жасымнан жұмыс істеймін, қазір 63 жастамын – зейнеткерлікке шыққаныма үш жыл болды. Құдай күш-қуат берсе, ел, халық игілігі үшін еңбек ете беремін. Марапатқа ұсынылғанымды естігенде көз жасымды ұстап тұра алмадым, - деді краншы Галина Толстокорова көзіне жас толып.
Сондай-ақ аймақ басшысы «Галицкое» ЖШС сауыншысы Наталья Вербицкаяға ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін табыс етті. Бірқатар павлодарлық қыз-келіншектер «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталса, Батыр аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқалары табыс етілді. Жеті баланың анасы Лида Ақаева облыс басшылығына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Ол бірнеше ай бұрын ғана балаларымен Қызылорда облысынан көшіп келген. Отбасы Шарбақты ауданы, Александровка ауылында тұрады, Лида Ақаева мұғалім болып жұмыс істейді.
Аяулы аруларға Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның әртістері өнер көрсетті. Танымал жүргізушілер Ғалымжан Кеңшілік пен Құдайберген Бердімұратұлы әзілдерімен көңілді ортаға салды. Сахна төрінде өнер майталмандарымен қатар жас өнерпаздар да өз шеберліктерін көрсетті. Мәселен, «Тұмар» модельдік ансамблінің жігіттері қошеметке бөленіп, өнерпаздар залға түсіп, әйелдерге гүл шоқтарын тарту етті.
- Біз концертке мұқият дайындалдық және оны тағатсыздана күттік, - дейді топ жетекшісі Темірлан Аскаусов. – 8 наурыз – әрбір адам үшін ерекше мереке. Біз қолымыздан келгеннің бәрін көрсетуге тырыстық. Көрермендерге біздің өнер ұнады деп үміттенемін.
Концерт павлодарлықтарға жарқын эмоциялар сыйлады. Арулар жүздері жайдары көңіл-күйде, шаттықта үйлеріне тарқасты.