Павлодарлық тұрғынға мемлекеттік органның араласуынан кейін сапасыз планшетті ауыстырды

Павлодарлық тұрғынға мемлекеттік органның араласуынан кейін сапасыз планшетті ауыстырды
Фото: pixabay.com

Басында сатушы тауарды қайтарудан бас тартқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі

Ер адам қаладағы ірі электроника дүкендерінің бірінен сатып алған планшетіне көңілі толмай, гаджетті айырбастау немесе қайтару үшін дүкенге қайта оралған. Бірақ дүкен сатушысы сатып алған күннен бері 14 күннен астам уақыт өткенін алға тартып, ауыстырудан бас тартқан.

ҚР Сауда және интеграция министрлігі облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдушевтің айтуынша, өндіруші мұндай тауарларға бір жыл кепілдік беруі қажет.

Павлодар тұрғынының планшеті басқарманың араласуынан кейін ғана ауыстырылды.

Басқарма басшысы тауарға кепілдікті өндіруші де, сатушы да бере алатынын айтты. Өндіруші мерзімді бір жылға қойса, сатушы оны қысқарта алмайды.

– Кепілдік болса, сатушы тауардың сапасын дәлелдеуі керек, егер кепілдік болмаса, тұтынушы сараптама тағайындап, сатушыға тауардың сапасыз екенін дәлелдеуге құқылы, – деп түсіндірді спикер. – Екі жағдайда да әрбір тарап сараптамалық бағалауды талап етуге құқылы. Егер олар келіспесе, мәселе сот арқылы шешіледі. Егер кепілдік мүлдем болмаса, тұтынушы екі жыл ішінде ақауы бар өнімді айырбастауға өтініш бере алады.

Мемлекеттік мекеме жыл басынан бері облыс тұрғындарының үш жүзден астам өтінішін қарады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға артық. Сатып алушыларға жалпы 40 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды.

Өңірде тұтынушылардың құқықтары көбінесе бөлшек сауда, электронды коммерцияда немесе тұрмыстық қызмет көрсету саласында бұзылады.